ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ИНДИКАТОРЛАРЫН ОРЫНДАУ БОЙЫНША КӨШБАСТАП ТҰР
ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ИНДИКАТОРЛАРЫН ОРЫНДАУ БОЙЫНША КӨШБАСТАП ТҰР,-деп жазады Азанюс.кз.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ауыл шаруашылығы өнімін екі есеге арттыру тапсырмасы аясында Түркістан облысында сала көрсеткіштері жоспарлы түрде орындалуда. ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі бекіткен жол картасына сәйкес 2025 жылға белгіленген 10 негізгі индикатордың жүзеге асырылуы облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен мәжілісте қаралды. Жоспардан кешігіп жатқан аудан, қала әкімдерінің есебі тыңдалып, нақты тапсырмалар жүктелді.
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Файзулла Байдуллаевтың мәліметінше, 2025 жылға белгіленген межелерге жету жолында 6 айда 253,9 млрд теңгенің өнімі өндіріліп, нақты көлем индексі 104,7%-ды құрады. 103,8 млрд теңге инвестиция тартылып, жартыжылдық жоспар 1,3 есеге орындалды. Су үнемдеу технологиялары 59 гектарға енгізіліп, бұл бағыттағы жоспар 1,4 есе орындалды. Ал тыңайтқыш енгізу жұмыстары 109% орындалып, 206,2 мың тоннаға жеткен.
Техникалық базаны жаңарту бағытында 877 дана ауыл шаруашылығы техникасы сатып алынды. Бұл – жылдық жоспардың 53%-ы. Толық орындалған жағдайда жаңартылған техника үлесі 9,4%-ға жетпек.
Шардара, Сайрам және Түлкібас аудандарында көкөніс сақтау қоймаларының құрылысы іске асып жатыр. Жыл соңына дейін сыйымдылығы 2000-2200 тонналық үш жоба пайдалануға беріледі.
Ауыл шаруашылығы басқармасы ай сайын АӨК дамуы бойынша рейтингтік бағалау жүргізіп отырады. Алғашқы үштікте – Түлкібас, Созақ, Отырар аудандары. Көш соңында келе жатқан әкімдерге ескерту жасалып, жұмысты күшейту тапсырылды.
АӨК саласы бойынша 2025–2027 жылдарға арналған инвестициялық жол картасы аясында жалпы құны 227,5 млрд теңгені құрайтын 60 жоба жүзеге аспақ. Оның аясында 2252 жаңа жұмыс орны құрылады. Биылдың алғашқы жартыжылдығында 17 жоба іске қосылып, 726 жұмыс орны ашылды. Жыл соңына дейін тағы 12 жоба жүзеге асырылады.
Отправить комментарий