Түркістан облысында 46 адам сотталды
Түркістан облысы Жетісай аудандық білім бөлімінің 46 қызметкеріне үкім шықты, деп хабарлайды Azatnews.kz.
Қылмыстық іс Түркістан облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында қаралды.
«Сот үкімімен екі бөлім басшысы, 44 есепші мектептерде жұмыс істемейтін таныстары мен туыстарының банктік есеп шоттарына негізсіз ақша қаражаттарын жалақы ретінде аударып, бюджет қаражатын иемденген», — делінген сот хабарламасында.
Соттың мәліметінше, салдарынан мемлекетке 4 млрд теңгеден астам шығын келген.
Алқабилердің шешімімен:
Білім бөлімінің бұрынғы басшылары 9 және 10 жылға бас бостандығынан айырылған. Бірінің жазасы 5 жылға кейінге шегерілді.
34 сотталушыға 5 жылдан 8 жылға дейін мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындалды. Оның төртеуі жазаларын 5 жылдан кейін өтейді.
8 сотталушыға 1 жылдан 3 жылға дейін бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды.
2 сотталушының әрекеті қайта сараланып, 1 жыл мерзімге бас бостандығы шектелді.
Сот материалдарына сәйкес, 43 сотталушы (мектеп бухгалтерлері) мемлекетке жалпы 800 млн теңгеден астам иемденген қаражатты қайтарды.
Сот жаза тағайындау кезінде сотталушылардың қылмыстық жауапкершілігін жеңілдететін мән-жайлар ретінде олардың отбасылық жағдайын, жасын, кәмелетке толмаған балаларының болуын, сотталушылардың ақшалай қаражаттың бір бөлігін қайтарғанын, бұрын сотты болмағанын, кінәсін мойындауын, жүктілігін, мүгедектігін, сондай-ақ қылмыстық істің ашылуына және басқа сыбайластардың әшкереленуіне жәрдемдесуін ескерді. Ал білім бөлімінің бұрынғы басшыларының қызметтік антын бұзуын ауырлататын мән-жай деп таныды.
Отправить комментарий