Түркістан облысында полицейлер жыл басынан бері 200 келіге жуық есірткіні тәркіледі
Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі 2025 жылды «Профилактика жылы» деп жариялауына орай Түркістан облысы Полиция департаменті есірткімен байланысты құқық бұзушылықтардың алдын алу, заңсыз айналымын әшкерелеу және нашақорлыққа қарсы күресті күшейту мақсатында кешенді шаралар жүргізіп келеді. Бұл жұмыстар «Заң және тәртіп» қағидатын іске асыру шеңберінде қарқынды жүзеге асырылып отыр.
Жедел-іздестіру іс-шаралары нәтижесінде ағымдағы жылдың алғашқы бес айында өңір полицейлері есірткіге байланысты 163 қылмысты анықтап, жолын кесті. Оның ішінде:
23 дерек – есірткі өткізуге қатысты,
11 факті – аса ірі көлемде сақтау бойынша тіркелсе,
10 жағдай – құрамында есірткі бар өсімдіктерді заңсыз өсіру,
Сонымен қатар 2 фитолабораторияның заңсыз қызметі тоқтатылып, жойылды.
Заңсыз айналымнан жалпы көлемі 200 келіден астам түрлі есірткі заты тәркіленді. Оның ішінде:
850 грамнан астам – синтетикалық есірткі (мәселен, мефедрон),
48 кг – марихуана,
147 кг – көкнәр өсімдігі,
12 000 дана – «Трамадол» таблеткасы тәркіленіп, сараптамаға жолданды.
Сондай-ақ есірткі құралдарын жасырын таратумен айналысқан 8 азамат ұсталып, олардан синтетикалық препараттарды «закладка» әдісімен таратуға арналған айғақтар алынды. Аталған тұлғаларға қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің тиісті баптарымен тергеу амалдары жүріп жатыр.
Профилактика – басты бағыт
Заңсыз айналыммен күреспен қатар, нашақорлықтың алдын алу бағытында да жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Облыста жыл басынан бері 600-ге жуық профилактикалық іс-шара ұйымдастырылып, оған 59 мыңнан астам адам қатысты. Бұл іс-шаралар оқу орындарында, еңбек ұжымдарында, спорт кешендерінде және халық тығыз орналасқан қоғамдық орындарда өтті. Мамандар мен тәртіп сақшылары тұрғындарға есірткінің зияны, оның заңдық салдары, әлеуметтік және психологиялық зардаптары туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Мәселен, Түркістан қаласында өткізілген нашақорлықтың алдын алуға және салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталған бір айлық акцияның ашылуы аясында жастарға арналған спорттық және мәдени іс-шаралар ұйымдастырылып, еріктілер мен белсенді жастардың қатысуымен флешмобтар мен ақпараттық акциялар өтті. Бұл бастамалар жастарды жағымсыз әдеттерден сақтандырып, өмірлік маңызы бар дұрыс таңдау жасауға бағыттауға ықпал етуде.
«Қарасора-2025»: Республикалық жедел-профилактикалық іс-шара
Биылғы 1 маусым мен 30 қазан аралығында Түркістан облысы аумағында «Қарасора-2025» республикалық деңгейдегі жедел-профилактикалық іс-шара өткізіліп жатыр. Бұл арнайы операцияның мақсаты – есірткі құралдары бар өсімдіктерді заңсыз өсіру, дайындау, тасымалдау және өткізумен байланысты қылмыстардың жолын кесу, сондай-ақ есірткі өндірісіне пайдаланылатын жасырын зертханалар мен егістіктерді анықтау.
Іс-шара аясында:
18 мобильдік жедел топ құрылған;
Облыс аумағындағы республикалық маңызы бар автожолдарда 2 бақылау-өткізу бекеті қойылған;
Заманауи техникалар, дрондар мен тікұшақтар арқылы шалғай аймақтар мен шекаралас елді мекендерге рейдтер жүргізілуде;
Жергілікті билік өкілдерімен бірлесіп кешенді мониторинг ұйымдастырылып отыр.
Сонымен қатар ауылдық елді мекендер мен жеке секторлар да назардан тыс қалмады. Полицейлер өз еркімен құрамында есірткі заты бар өсімдіктерді жойып, құқық бұзушылықтарға жол бермеген азаматтарға түсіндірме жұмыстарын жүргізуде.
Қоғамдық қолдаудың маңызы
Полиция департаменті мамандарының пікірінше, есірткі қылмысына қарсы тиімді күрес тек құқық қорғау органдарының жұмысы ғана емес, ол — бүкіл қоғамның ортақ жауапкершілігі. Әсіресе:
ата-аналардың балаларға бақылауы,
ұстаздардың тәрбиелік рөлі,
ақпарат құралдарының шынайы ақпарат таратуы,
әлеуметтік желілер арқылы пайдалы контент ұсыну — барлығы бірігіп жас ұрпақты есірткіден аулақ ұстауға мүмкіндік береді.
Сондықтан Полиция департаменті барлық тұрғындарды есірткіге қарсы күресте бейжай қарамауға, заңбұзушылық туралы ақпаратты жасырып қалмауға шақырады. Азаматтардың белсенділігі мен сергек ұстанымы қоғамда есірткісіз, қауіпсіз ортаны қалыптастыруда шешуші рөл атқарады.
Есіңізде болсын! Егер сіз есірткі заттарының заңсыз айналымы немесе тұтынуына байланысты күдікті жағдайға куә болсаңыз, дереу полицияға немесе «102» желісіне хабарласыңыз. Сіздің хабарламаңыз – бір адамның өмірін құтқаруы мүмкін.




Отправить комментарий