Түркістан облысында полиция 10 мыңнан астам тұрғынды интернет-алаяқтықтан сақтандырды
Түркістан облысында киберқылмысқа қарсы іс-қимыл мақсатында жүйелі және кешенді іс-шаралар жалғасуда. Соңғы жылдары интернет-алаяқтық фактілері айтарлықтай өсіп отырғанын ескере отырып, құқық қорғау органдары бұл бағыттағы профилактикалық жұмыстарға ерекше назар аударып келеді. Осы орайда Түркістан облысы Полиция департаментінің Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасы Сайрам ауданында кең ауқымды ақпараттық-түсіндіру іс-шарасын ұйымдастырды.
Шараның басты мақсаты – тұрғындарды интернеттегі алаяқтық әрекеттерден қорғау, олардың киберқауіпсіздікке қатысты сауаттылығын арттыру, сондай-ақ құқықтық мәдениетін қалыптастыру. Қазіргі таңда алаяқтар түрлі әлеуметтік желілер, жалған интернет-дүкендер, фишингтік сайттар мен банктік деректерді алдау жолымен қолға түсіретін түрлі схемалар арқылы адамдарды сан соқтырып келеді. Осыған байланысты полиция қызметкерлері халықпен бетпе-бет кездесу арқылы түсіндіру жұмыстарын жүргізуді жөн көрді.
Іс-шара барысында полицияның жедел уәкілдері Сайрам ауданындағы 4000-нан астам үйді аралап, 10 000-нан астам азаматпен тікелей байланыс орнатты. Әр тұрғынға интернет-алаяқтықтың кең тараған түрлері, қылмыскерлердің жиі қолданатын айла-тәсілдері және киберқауіпсіздік ережелері көрсетілген ескертпе парақшалар таратылды. Парақшада алаяқтардың психологиялық қысым арқылы қалай әрекет ететіні, жалған ұтыс ойындары мен мемлекеттік бағдарламаларға сілтеме жасап алдайтыны туралы нақты мысалдар келтірілген.
Полиция қызметкерлері үй аралау кезінде мынадай маңызды кеңестер берді:
Банк картасының нөмірін, үш таңбалы CVV кодын, SMS арқылы келетін құпия кодтарды ешкімге айтуға болмайтынын;
Бейтаныс адамдардың сілтемелері мен хабарламаларына жауап бермеу керектігін;
Әлеуметтік желі немесе мессенджерлер арқылы ақша сұраған таныстарға бірден сенбей, міндетті түрде телефон шалып нақтылау қажеттігін;
Интернет-дүкендерден тауар сатып алғанда тек ресми әрі сенімді платформаларды пайдаланған жөн екенін;
Белгісіз қосымшалар мен сілтемелер арқылы мобильді құрылғыға вирус түсу қаупі бар екенін ескерту.
Сондай-ақ, полицейлер азаматтарға интернет алаяқтарының түрлі “банктен қоңырау шалатын”, “шот бұғатталды” деген сияқты сылтаулармен сенімге кіретінін айтып, ондай жағдайларда бірден ресми банк нөміріне немесе полицияға хабарласу қажет екенін еске салды.
Түсіндіру жұмыстары барысында тұрғындар өз тараптарынан көкейде жүрген сұрақтарын қойып, алаяқтықтың алдын алуға байланысты нақты мысалдармен бөлісті. Көптеген азаматтар соңғы уақытта жиі кездесетін SMS-хабарламалар мен жалған жарнамалық ұсыныстар жайында алаңдаушылық білдірді. Полиция өкілдері әрбір сауалға жауап беріп, азаматтардың заңды құқықтары мен қорғану тәсілдерін нақты түсіндірді.
Таралған ақпараттық материалдарда арнайы QR-кодтар енгізілген. Бұл арқылы тұрғындар онлайн-режимде қосымша ақпарат алып, киберқауіпсіздік бойынша кеңестер мен жаңалықтармен таныса алады. Мұндай жаңашыл әдіс ақпаратты жедел әрі қолжетімді түрде жеткізуге мүмкіндік береді.
Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының мамандары осындай тікелей байланыс форматы тұрғындардың ақпаратқа деген қызығушылығын арттырып, оларға ескерту шараларының маңызын ұғынуға көмектескенін атап өтті. Әсіресе, егде жастағы адамдар мен цифрлық технологияларға енді үйреніп жатқан азаматтар үшін бұл шара өте пайдалы болды.
Полиция департаменті өкілдерінің айтуынша, соңғы жылдары алаяқтар халықтың сеніміне кіру үшін түрлі жаңа әдістерді ойлап тауып отыр. Мәселен, өзін полиция немесе банк қызметкері ретінде таныстырып, адамның қорқыныш сезімін пайдалану – жиі кездесетін тәсілдердің бірі. Сондықтан, құқық қорғау органдары мұндай схемалардың алдын алу үшін ақпараттық жұмысты күшейтуді басты міндет етіп отыр.
Түркістан облысы Полиция департаменті осындай профилактикалық іс-шараларды тұрақты түрде өткізу арқылы интернет алаяқтық фактілерінің алдын алуға, тұрғындардың киберқауіпсіздік мәдениетін қалыптастыруға және жалпы құқықтық сауаттылығын арттыруға күш салып отыр. Сонымен қатар, азаматтардан күдікті жағдайлар туралы дереу полицияға хабарласу сұралады. Тек белсенді азаматтық ұстаным мен сақтық – алаяқтыққа қарсы тиімді құрал бола алады.




Отправить комментарий