Түркістан облысында «Қарасора-2025″іс-шарасы аясында саптық таратылым өтті

Түркістан облысы аумағында есірткі қылмысына қарсы күрес бойынша пәрменді шаралар жалғасуда. Осы мақсатта облыс аумағында Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің тапсырмасына сәйкес ұйымдастырылған «Қарасора-2025» кең ауқымды республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында Түркістан облысы Полиция департаментінің жеке құрамы мен Ұлттық ұлан әскери қызметшілерінің қатысуымен гарнизондық таратылым өтті.

Саптық жиынға Түркістан облыстық Полиция департаменті бастығының орынбасары, полиция полковнигі Бағланбек Айтпаев арнайы қатысып, жеке құрам алдында сөз сөйлеп, алда тұрған маңызды міндеттерді атап өтті. Ол өз сөзінде тәртіп сақшыларының есірткі заттарының заңсыз айналымына қарсы бағытталған іс-қимылдарға дайындық деңгейін тексеріп, жедел-қызметтік іс-шаралардың тиімді әрі нақты жүргізілуінің маңыздылығына тоқталды.

Полковник Айтпаев атап өткендей, қоғамда есірткіге қарсы иммунитет қалыптастыру, жастар арасында нашақорлықтың алдын алу және синтетикалық есірткілердің таралуына тосқауыл қою — ішкі істер органдарының маңызды стратегиялық бағыттарының бірі болып табылады. Сондықтан әрбір полиция қызметкері мен Ұлттық ұланның әскери қызметшісі осы жауапты міндетті адал орындауы тиіс.

Іс-шараға ІІМ жедел бөлімшелерімен қатар, учаскелік полиция инспекторлары, патрульдік полиция қызметкерлері, Ұлттық ұлан әскери қызметшілері, Шекара қызметі мен прокуратура өкілдері, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдардың қызметкерлері тартылды. Жедел әрекет ету мақсатында облыс бойынша 18 арнайы мобильді топ құрылып, облыс шекараларында екі блок-бекет орнатылды. Бұл бекеттер арқылы есірткі тасымалдау арналары мен олардың таралу жолдарын дер кезінде анықтап, жолын кесу жоспарланған.

«Қарасора-2025» операциясының алғашқы кезеңінің қорытындысы бойынша Түркістан облысы аумағында есірткі қылмысына қатысты бірқатар деректердің жолы кесілді. Атап айтқанда, есірткі заттарын заңсыз өткізуге байланысты 3 қылмыстық факті әшкереленсе, құрамында есірткі заты бар өсімдіктерді заңсыз егуге қатысты 15 оқиға тіркелді. Жедел іздестіру шаралары барысында жалпы көлемі 400 грамм болатын синтетикалық есірткі мен 60 келі марихуана тәркіленіп, қылмыстық айналымнан шығарылды. Бұл көрсеткіштер құқық қорғау органдарының есірткімен күрестегі нақты әрі нәтижелі жұмысының дәлелі болып табылады.

Сонымен қатар, арнайы мобильді топтардың жұмысы тек есірткі таратушыларды анықтап, қылмыстық жауапкершілікке тартумен шектелмейді. Олар халық арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, ауыл-аймақтарда нашақорлықтың алдын алу бағытында профилактикалық кездесулер ұйымдастыруда. Әсіресе, жастар арасында есірткі тұтынудың зияны туралы ақпарат тарату, оқу орындарында семинарлар өткізу — бұл кешенді шаралардың маңызды бөлігі.

Іс-шара барысында полиция қызметкерлері заманауи техника мен арнайы құрылғыларды пайдалана отырып, тұрғын үй аулаларында, егістік алқаптарында және басқа да шалғай өңірлерде есірткі затына қатысты заң бұзушылықтарды анықтауға бағытталған рейдтік іс-шаралар жүргізуде.

Айта кету керек, «Қарасора-2025» операциясы бірнеше жылға жоспарланған жүйелі шаралар қатарынан болып табылады. Оның басты мақсаты — еліміздің оңтүстік өңірлерінде, әсіресе, табиғи климаттық жағдайы есірткі құрамындағы өсімдіктерді өсіруге қолайлы аймақтарда заңсыз егістіктің алдын алу және есірткі заттарының айналымына тосқауыл қою. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табатын болады.

Түркістан облысы Полиция департаменті тұрғындарды белсенді азаматтық ұстаным танытуға шақырады. Егер есірткіге қатысты күдікті әрекеттерді байқасаңыз немесе заңсыз айналым фактілерінен хабардар болсаңыз, бірден «102» нөміріне хабарласыңыз. Сіздің хабарламаңыз — бір адамның өмірін құтқаруға сеп болуы мүмкін.

Отправить комментарий