Түркістан облысында сарайдан есірткі табылған: 49 жастағы ер адам ұсталды
Түркістан облысы Бәйдібек ауданында есірткі қылмысына қарсы жүргізілген жедел-іздестіру шарасы нәтижесінде 49 жастағы жергілікті тұрғын ұсталды. Бұл туралы облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.
Аудандық полиция бөлімінің жедел уәкілдері күдіктінің үйіне тінту жүргізу барысында оның ауласындағы сарайдан есірткіге ұқсас заттар табылған. Атап айтқанда, полицейлер пакетке, стаканға салынған және газетке оралған өсімдік тектес заттарды тәркілеген.
Сараптама қорытындысы бұл заттардың шамамен 20 грамға жуық кептірілген марихуана мен сора өсімдігі екенін растады. Күдіктіге қатысты Қылмыстық кодекстің 296-бабы 2-бөлігі (есірткі заттарын заңсыз сақтау) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары басталды.
Қазіргі уақытта ер адамның есірткі заттарын қайдан алғаны және қандай мақсатта сақтағаны анықталып жатыр. Өзге де мән-жайлар тергеу барысында белгілі болады.
Полиция есірткі қылмысына қарсы күрес аясында мұндай шаралар тұрақты түрде жүргізілетінін ескертеді және тұрғындарды заңға қайшы әрекеттерден аулақ болуға шақырады.
Отправить комментарий