Түркістан облысының басты басылымы – «Оңтүстік Қазақстан» қоғамдық-саяси газеті өзінің 100 жылдық мерейтойын атап өтті. Облыс орталығында өткен салтанатты шараға еліміздің беделді тұлғалары мен шығармашылық өкілдері қатысты. Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі, Баспасөз қызметінің жетекшісі Берік Уәли Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатын газеттің бас редакторы Абай Балажанға табыстап, бірнеше журналисті алғыс хаттармен марапаттады.

Мерекелік жиынға Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды, ҚР Парламентінің депутаттары Алишер Сатыбалдиев пен Ұласбек Сәдібеков, ардагер журналистер, зиялы қауым және баспасөз қызметінің өкілдері қатысты. Облыс әкімі өзінің құттықтау сөзінде:

– «Оңтүстік Қазақстан» газеті – өңірдің айнасы әрі қазақ журналистикасының қарашаңырағы. Бұл басылым тек ақпарат жеткізуші ғана емес, рухани құндылықтарды дәріптеуші де. Ахмет Байтұрсыновтың «Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі» деген сөзі осы газетке толық сәйкес келеді. Бір ғасырлық тарихы бар қарашаңырақтың ұжымы халыққа қызмет етуді абыроймен жалғастырып келеді. Газеттің оқырманы мол, шығармашылық табысы көп болсын! – деді. Әкім басылым ұжымының үздік өкілдерін марапаттап, редакцияға автокөлік сыйлады.

Мерекелік шарада облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаев газеттің журналистеріне ҚР «Ақпарат саласының үздігі» төсбелгілері мен министрліктің құрмет грамоталарын табыстады. Қатысушылар ұжымның еңбегін жоғары бағалап, ізгі тілектерін арнады.

Мерейтой аясында «Жібек жолы» саябағында газеттің 100 жылдығына арналған аллея ашылып, 100 түп ағаш отырғызылды. Сондай-ақ, «Оңтүстік Қазақстан – тарих толқынында» атты ғылыми-тәжірибелік конференция өтіп, басылымның өткен жолы мен келешегі талқыланды. Газеттің бай мұрасын бейнелейтін фотокөрме ұйымдастырылып, мерекелік концертпен жалғасты.

«Оңтүстік Қазақстан» газеті Сұлтанбек Қожанов пен Тұрар Рысқұловтың бастамасымен шыққан «Ақжол» газетінен бастау алады. Бір ғасыр ішінде бұл басылым елдің руханиятына еңбек сіңірген талай қаламгерлердің ордасы болды. Қазіргі таңда газеттің шығармашылық ұжымы ұлттық құндылықтарды насихаттап, қоғамға тың серпін беріп келеді.

Бір ғасырда газетті 30-дан астам редактор басқарған. Әсет Тілеукеев, Әмірсейіт Әлиев, Кәрім Үкібаев, Анар Бәкірова сынды танымал тұлғалар оның тарихында ерекше із қалдырды.

Қазіргі уақытта «Оңтүстік Қазақстан» – еліміздің ең байырғы әрі беделді басылымдарының бірі болып саналады.

Previous post

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ЖАЛПЫ ӨҢІРЛІК ӨНІМ КӨЛЕМІ 4 ТРЛН ТЕҢГЕДЕН АСТЫБұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінің Түркістандағы көшпелі баспасөз мәслихатында Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды баяндады. Биылғы 10 айда Түркістан облысының әлеуметтік-экономикалық дамуының оң өсімге қол жеткізілді. Экономиканың басты көрсеткіші болып табылатын жалпы өңірлік өнім көлемі алдын ала есеп бойынша 4 трлн. теңгеден асты. Қысқа мерзімді экономикалық өсім 110%-ды құрады (ҚР-105,3%).– Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Қазақстан халқына арнаған «Әділетті Қазақстан: Заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты биылғы Жолдауында экономиканың құрылымын өзгертуге баса назар аударуды тапсырды. Инвестиция тарту жұмысын күшейту керектігін айтты. Түркістан өңірінде осы бағытта нақты жұмыстар атқарылып жатыр. Нәтижесінде кіріс көздері ұлғайып, өндіріс орындары көбеюде, – деді Дархан Сатыбалды.Аймақта өнеркәсіп өнім көлемі 8,8%-ға артып, 960 млрд. теңгеден асты. Оның ішінде қайта өңдеуге барынша басымдық берілуде. Есепті кезеңде өңдеу өнеркәсібінде 463 млрд. теңгенің өнімі өндіріліп, өсім 113%-ға артты. Өсім негізінен тау-кен (105,2%), тамақ (103,5%), жеңіл өнеркәсіп (105,9%), машина жасау (106,7%) және жиһаз (1,6 есе) өндірістері есебінен орын алды.Өңірде өндірісті дамыту үшін энергетика тапшылығын шешу және индустриалды аймақтарға қолайлы жағдай жасау мақсатында, Үкіметке электр энергия бағасын төмендету бойынша ұсыныс енгізіліп, қолдау тапқан. Сонымен бірге энергетика тапшылығын шешу мақсатында 1,9 трлн. теңгеге жалпы қуаты 2,7 ГВт болатын 7 ірі жоба жүзеге асырылады. Оның ішінде Сайрамда қуаты 1000 МВт болатын станцияның құрылысы басталып кеткен.

Next post

Қазақ әдебиетінің классигі Сәбит Мұқановтың қызы қайтыс болды

Отправить комментарий