ТҮРКІСТАН: САУРАН АУДАНЫНДА ЖЕР ҚОЙНАУЫН ЗАҢСЫЗ ПАЙДАЛАНҒАНДАР ҰСТАЛДЫ
ТҮРКІСТАН: САУРАН АУДАНЫНДА ЖЕР ҚОЙНАУЫН ЗАҢСЫЗ ПАЙДАЛАНҒАНДАР ҰСТАЛДЫ
Түркістан облысында жер қойнауын заңсыз пайдаланушыларға қарсы ауқымды рейд өткізілді. Іс-шара облыс әкімінің 2025 жылғы 3 ақпандағы №26 хаттамасына және арнайы жоспарға сәйкес жүзеге асты. Рейдке табиғат қорғау прокуратурасы, Сауран ауданының прокуратурасы, облыстық полиция департаменті және индустрия басқармасының мамандары қатысты.
Арнайы дрон арқылы жүргізілген тексеру барысында Сауран ауданы, Шаға ауылдық округіне қарасты Шоқтас елді мекеніндегі Құрсай өзенінің бойынан заңсыз жұмыс істеп жатқан 4 ауыр жүк көлігі анықталды. Олар жер қойнауына рұқсатсыз кіріп, құм мен қиыршық тас секілді пайдалы қазбаларды тиеп бара жатқан.
Сондай-ақ Жаңа Иқан ауылдық округінің Иба ата елді мекенінен де жер қойнауын заңсыз игерген тағы екі көлік ұсталды. Барлық жүк көліктері айып тұрағына қойылып, дәлелдемелер тіркелді.
Аталған заңбұзушылықтар бойынша іс материалдары жинақталып, заң шеңберінде тиісті процессуалдық шешімдер қабылданатын болады.
Облыста мұндай бақылау шаралары алдағы уақытта да жалғасын таппақ.
Отправить комментарий