Түркістанда өзекті мәселелер талқыланды: халықпен байланысты нығайту — басты міндет
Түркістан қаласында облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаевтың төрағалығымен облыстағы қоғамдық-саяси ахуалды тұрақты бақылауда ұстау және өзекті мәселелерді жедел шешу бойынша штаб отырысы өтті. Жиынға облыстық құқық қорғау органдары мен басқарма басшылары қатысты. Аудан және қала әкімдерінің орынбасарлары селекторлық режимде қосылып, өңірлік деңгейдегі ахуал туралы ақпарат берді.
Қоғамдық тұрақтылық пен этносаралық келісім – басты назарда
Отырыста облыстық қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Болат Жанәбіл, ҚР Ұлттық экономика министрлігіне қарасты Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Түркістан облысы бойынша департаментінің басшысы Думан Қалибеков, «Қазсушар» РМК облыстық филиалының директоры Қазыбек Бедебаев, «Тұран су» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының басшысы Досхан Лесов баяндама жасады.
Баяндамаларда облыстағы қоғамдық-саяси тұрақтылық, этносаралық қарым-қатынастарды сақтау, су тапшылығы, инфрақұрылым және ауыл шаруашылығы мәселелері кеңінен қозғалды. Әсіресе, тұрғындар тарапынан жиі көтерілетін су жүйелерінің тозуы, егіс алқаптарына тіршілік нәрінің жетпеуі және инфрақұрылымдық жобалардың кешігуі сынды түйткілдерге нақты тоқталынды.
«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидасы аясында жұмыс жүруі тиіс
Ертай Алтаев Мемлекет басшысының бастамасы — «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын жүзеге асыруда халықпен тікелей әрі ашық байланыс орнатудың маңызын атап өтті. Ол азаматтардың арыз-шағымы мен өтініштерін дер кезінде қарап, тиісті мекемелер тарапынан нақты әрекеттер қабылдануы қажет екенін ескертті.
— Бүгінгі қоғам – жедел ақпарат пен нақты әрекет күтеді. Әрбір мәселені созбалаңға салмай, жедел шешу — мемлекеттік органдардың тікелей міндеті. Сонымен бірге тұрғындарды ортақ іске жұмылдырып, бірлік пен татулықты нығайту — уақыт талабы, – деді Ертай Кенжебекұлы.
Су тапшылығы мен тариф мәселесі де назарда
Жиын барысында суармалы су тапшылығы, ауызсу жүйелерінің жаңғыртылуы және табиғи монополия субъектілерінің қызметі де талқыға түсті. Бұл ретте Думан Қалибеков тарифтік саясаттың заңдылығы мен ашықтығына тоқталса, Қазыбек Бедебаев ауылдық елді мекендерді сумен қамтамасыз ету жобаларының іске асу барысын баяндады.
Сонымен қатар, қоғамдық қауіпсіздік, этносаралық келісім, жастар мен діни ұйымдармен өзара байланыс мәселелері бойынша алдағы кезеңде атқарылатын жұмыстар пысықталды.
Бірлік пен жауапкершілік — ортақ мақсат
Кездесу соңында облыс әкімінің орынбасары әрбір сала басшысына нақты тапсырмалар жүктеп, жергілікті атқарушы органдар мен құқық қорғау құрылымдарының өзара іс-қимылын күшейтуді тапсырды. Ол әрбір өзекті мәселе бойынша апта сайынғы мониторинг жүргізу, қоғамдық пікірді ескеру және ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жандандыру қажеттігін айтты.
— Қоғамдағы бірлік — біздің басты құндылығымыз. Әр азаматтың қауіпсіздігі мен әл-ауқаты біз үшін маңызды. Сондықтан барлығымыз жұмыла жұмыс істеп, халықтың сеніміне лайық болуымыз қажет, — деді Ертай Алтаев.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлағандай, мұндай форматтағы штаб отырыстары алдағы уақытта тұрақты түрде өтіп, өңірдегі күрделі мәселелердің шешімін жеделдетуге бағытталады.
Отправить комментарий