ТҮРКІСТАНДА «ТҮРКІСТАН МӘРТЕБЕСІ – ЕЛ МЕРЕЙІ» ФОРУМЫ ӨТТІ ТҮРКІСТАН. Бүгін ежелгі Түркістанда «Түркістан мәртебесі – ел мерейі» атты республикалық форум өтті. Іс-шараның басты мақсаты – Түркістан қаласына берілген ерекше мәртебенің мәнін айқындау және оның рухани-мәдени миссиясын жан-жақты талқылау. Ауқымды форумға ҚР Ұлттық экономика вице-министрі Бауыржан Омарбеков, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Қайрат Балабиев пен Темір Қырықбаев, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің басқарма басшысы Рига Онаева, Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлы, қоғам қайраткерлері мен БАҚ өкілдері қатысты. Форумның модераторы – Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев. Жиында сөз алған вице-министр Б.Омарбеков «Түркістан қаласының ерекше мәртебесі туралы» ҚР Заңының негізгі бағыттарына тоқталды. Оның айтуынша, бұл заң қаланың тарихи-мәдени мұрасын сақтау, туризмді дамыту, әкімшілік басқару жүйесін тиімді ету және әлеуметтік-экономикалық әлеуетін арттыруға бағытталған. Аталған заң аясында Түркістан қаласының әкімдігі мен мәслихатына қосымша 44 құзырет берілгені белгілі болды. Форум аясында жергілікті қолөнер шеберлерінің көрмесі ұйымдастырылып, ұлттық аспаптармен оркестр күй төгіп, «Ұлы тарихтың жаңғыруы» атты театрландырылған көрініс қойылды. Ресми мәліметке сәйкес, соңғы үш жыл ішінде Түркістан қаласының халқы 31,5%-ға өсіп, 2024 жылдың 1 желтоқсанына дейін 236 954 адамға жеткен. Қала облыс орталығы атанғалы бері жалпы өңірлік өнім 4,5 есе өсіп, 2024 жылы 452,6 млрд теңгені құраған. Мемлекеттік бюджетке түскен түсім көлемі де 2,8 есе артып, 80,1 млрд теңгеге жетті. Ал негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі 915,7 млрд теңгені құраса, оның ішінде 2024 жылы 400,2 млрд теңге инвестиция тартылған. Форумда айтылған деректер мен бастамалар Түркістанның тек рухани ғана емес, экономикалық даму тұрғысынан да маңызды аймаққа айналып келе жатқанын айғақтайды.

Previous post

Созақтық 99 жастағы майдангер – Түркістандағы тірі тарих ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ. Созақ ауданы — Ұлы Отан соғысы жылдары 6 мыңға жуық азаматты майдан даласына аттандырған өңір. Сол мыңдаған жауынгердің арасынан бүгінде көзі тірі тек бір ғана ардагер қалды. Ол — 99 жастағы Мырзахмет Жылысбаев. Қария жасының ұлғайғанына қарамастан, тың. Көңіл-күйі сергек, естеліктері анық. 18 жасында соғысқа аттанған бозбала бүгін де сол күндердің елесі мен жүректегі отты жылдарды ұмытқан жоқ. – 1944 жылдың қарашасында мені түн ішінде әскерге алып кетті. Ол кезде сауаты жоқ ересектерге хат танытып жүрген едім. Майдан даласында №92 автоатқыштар полкінің құрамында болдым, – дейді майдангер. Мырзахмет ақсақал Отан үшін от кешкен сәттерін еске алып, еш қорықпағанын айтады. – Қорыққан жоқпын. Алдымыздағы мақсат – елді, жерді қорғау, фашистерді жеңу еді. Егер қорықсам, соғысқа сұранып та бармас едім. Бауыржан Момышұлы «соғысқа бір кіріп шығудың өзі – ерлік» деген. Біз сол ерліктің куәсі болдық, – дейді ол. Бүгінде Созақ жеріндегі жалғыз соғыс ардагері – тұтас бір дәуірдің тірі куәгері. Қарияның өмір жолы жас ұрпаққа отансүйгіштік пен қайсарлықтың айқын үлгісі.

Отправить комментарий