ҰЛТТЫҚ ҚАУІПСІЗДІК САЛАСЫНДАҒЫ МЕМЛЕКЕТТІК САЯСАТ: ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ ПД АЯСЫНДАҒЫ ІСКЕ АСУЫ
Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету – мемлекеттің тәуелсіздігін, аумақтық тұтастығын, конституциялық құрылымын, халықтың амандығын және тұрақты дамуын сақтау мен нығайтудың негізі болып табылады. Осы бағыттағы мемлекеттік саясаттың маңызды бөлігі ретінде құқық қорғау органдарының, соның ішінде Түркістан облысы Полиция департаментінің қызметі айрықша мәнге ие.
Ұлттық қауіпсіздік және ішкі тұрақтылық: негізгі ұстанымдар
Ұлттық қауіпсіздік – бұл тек шекараны күзету немесе әскери қауіпсіздікпен шектелмейтін кең ұғым. Оның құрамдас бөліктеріне:
Қоғамдық тәртіп пен ішкі тұрақтылық;
Құқық бұзушылықтың алдын алу;
Экстремизм мен терроризмге қарсы күрес;
Киберқауіпсіздік;
Жастардың құқықтық тәрбиесі;
Азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау кіреді.
Осы міндеттерді орындау барысында Түркістан облысы ПД өз құзыреті шеңберінде қоғамдағы қауіпсіздік пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуге бағытталған ауқымды жұмыстар жүргізіп келеді.
Қоғамдық тәртіп – ұлттық қауіпсіздіктің негізі
Түркістан облысы ПД-нің қызметіндегі басты бағыттардың бірі – қоғамдық тәртіпті сақтау мен құқық бұзушылықтың алдын алу. Бұл – ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің іргелі элементтерінің бірі.
Күнделікті жүргізілетін патрульдік қызмет, «Учаске», «Қауіпсіз мектеп», «Қауіпсіз жол», «Түнгі қаладағы балалар» секілді жедел-профилактикалық іс-шаралар арқылы облыс аумағында құқық бұзушылықтардың алдын алу бағытында нақты нәтижелерге қол жеткізілуде. Бұл тек статистикалық көрсеткіштер ғана емес, халықтың қауіпсіз өмір сүруіне жасалып жатқан нақты қадамдар.
Экстремизм мен радикализмге қарсы іс-қимыл
Ұлттық қауіпсіздіктің маңызды бір бағыты – діни және саяси экстремизмге, радикалды көзқарастарға қарсы күрес. Бұл бағытта Түркістан облысы – ерекше назарда тұрған өңір. Өйткені өңір халқының діни белсенділігі жоғары, ал бұл – теріс ағымдарға қарсы идеологиялық жұмыс қажеттілігін туындатады.
Облыс полицейлері дін саласындағы уәкілетті органдармен, дінтанушылармен және теологтармен бірлесіп, ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын, кездесулерді, семинарларды жиі ұйымдастырып отырады. Теріс діни ағымдар жетегінде кеткен азаматтарды оңалту, олардың қоғамға бейімделуіне жәрдемдесу – Түркістан облысы ПД жұмысының маңызды бағытына айналған.
Киберқауіпсіздік және интернет алаяқтықпен күрес
Ақпараттық технологиялардың жедел дамуы қоғамның қауіпсіздігіне қатысты жаңа қатерлерді туындатты. Атап айтқанда, интернет-алаяқтық, жалған ақпарат тарату, жеке деректерді ұрлау секілді киберқылмыстар саны артып келеді.
Түркістан облысы ПД осы бағытта:
Тұрғындар арасында цифрлық қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру;
Алаяқтыққа қарсы түсіндіру жұмыстарын жүргізу;
Жыл сайын мыңдаған азаматқа жаднамалар таратып, алдын алу шараларын ұйымдастыру сияқты жүйелі жұмыстар жүргізуде.
Киберқауіпсіздік – тек ІТ мамандардың емес, әрбір азаматтың саналы әрекетіне байланысты екенін халыққа ұғындыру – бүгінгі күннің талабы.
Жастармен және кәмелетке толмағандармен жұмыс
Ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі маңызды саланың бірі – жастар мен жасөспірімдердің қауіпсіз ортасын қалыптастыру. Түркістан облысы ПД бұл бағытта:
Мектеп инспекторларын тұрақты жұмысқа тартып,
Оқу орындарында құқықтық сабақтар ұйымдастырып,
«Түнгі қаладағы балалар», «Жасөспірім», «Қауіпсіз мектеп» сынды шаралар аясында жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алып келеді.
Сонымен қатар, балалардың түнгі уақытта заңды өкілінсіз жүруі, ойын-сауық орындарына баруы секілді заңбұзушылықтар бойынша ата-аналарға түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, әкімшілік шаралар қолданылады.
Қоғаммен тығыз байланыс және ашықтық
Ұлттық қауіпсіздік саласындағы мемлекеттік саясаттың тиімді іске асуы – қоғам мен полиция арасындағы сенімге тікелей байланысты. Осы ретте Түркістан облысы Полиция департаменті халықпен ашық диалог құруды басты назарда ұстап отыр.
«Жолда қабылдау», «Қауіпсіз мектеп», «Ауладағы қабылдау» сынды форматтарда қоғамдық қабылдаулар жиі ұйымдастырылады;
Әлеуметтік желілерде полицияның ресми парақшалары арқылы тікелей байланыс орнатылған;
Әрбір тұрғын өз мәселесін ашық жеткізіп, жауап алу мүмкіндігіне ие.
Бұл қадамдар – құқық қорғау органдарының ашықтығын арттырып, азаматтардың құқық қорғау жүйесіне деген сенімін нығайтады.
ҚОРЫТЫНДЫ
Ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету – бұл тек арнайы органдардың жұмысы ғана емес, барша қоғамның ортақ жауапкершілігі. Осы бағыттағы мемлекеттік саясат Түркістан облысы Полиция департаментінің күнделікті қызметінен нақты көрініс табуда.
Қоғамдық тәртіпті сақтау, қылмыстың алдын алу, жастарға құқықтық тәрбие беру, радикалды идеологиямен күрес, киберқауіпсіздікті нығайту – барлығы Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған кешенді шаралар.
Түркістан облысы ПД ұжымы Мемлекет басшысы мен Ішкі істер министрлігінің тапсырмаларын басшылыққа ала отырып, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидатына сүйеніп, халықтың амандығы мен тыныштығы жолында аянбай еңбек етуде.




Отправить комментарий