«Заң мен тәртіп – ортақ міндет» қалалық «Жастар ресурстық орталығында» қызметкерлерге арналған құқықтық жиын өтті
Қоғамдағы құқықтық тәртіп пен әділеттілікті қамтамасыз ету әрбір азаматтың, соның ішінде мемлекеттік және қоғамдық ұйым қызметкерлерінің де басты міндеті. Осы орайда, Кентау қалалық «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің ұжымы арасында «Заң мен тәртіп» тақырыбында маңызды жиын ұйымдастырылды.
Іс-шараны орталықтың басшысы Сұлтан Бақытұлы ашып, жиналыстың негізгі мақсаты мен мәнін түсіндірді. Ол өз сөзінде қоғамдағы құқықбұзушылықтың алдын алу үшін ең алдымен мекеменің ішкі тәртібі мен қызметкерлердің құқықтық сауаттылығы жоғары болуы қажет екенін атап өтті.
Жиынның негізгі мақсаты:
Қызметкерлердің заңдық білімдерін арттыру;
Құқықтық тәртіпті сақтау жөнінде нақты түсінік қалыптастыру;
Қоғамдағы құқықбұзушылықтың алдын алуға жеке жауапкершілікті күшейту;
Құқықтық мәдениетті дамыту және қызметтік этика ережелерін сақтау;
Мемлекеттік қызметкер ретіндегі міндеттер мен құқықтар туралы ақпарат беру.
Жиын барысында қаралған негізгі мәселелер:
Мекеме ішіндегі еңбек тәртібі мен құқықтық нормаларды сақтау – әр қызметкердің жауапкершілігі екендігі ескертілді.
Қоғамда болып жатқан заң бұзушылықтар мен олардың салдары – нақты мысалдармен түсіндірілді.
Жастармен жұмыс барысында заң шеңберінен шықпау, этикалық талаптарды сақтау, қызметтік өкілеттілікті асыра пайдаланбау керектігі жөнінде ескерту жасалды.
Мемлекеттік қызметкердің имиджі мен заң алдындағы міндеті жайлы кеңінен ақпарат берілді.
Қызметкерлермен кері байланыс
Жиын соңында ашық форматта сұрақ-жауап бөлімі ұйымдастырылып, қызметкерлер өздерін қызықтырған құқықтық және қызметтік мәселелер бойынша сұрақтар қойып, нақты жауаптар алды. Бұл, әсіресе, еңбек қатынастары, тәртіптік жауапкершілік, жастармен жұмыс кезінде кездесетін құқықтық аспектілер төңірегінде болды.
Құқықтық сауат – сапалы қызметтің негізі
Орталық басшысы Сұлтан Бақытұлы өз баяндамасында:
«Әрбір қызметкер құқықтық нормаларды білуі тиіс. Бұл – тек заң алдындағы міндет емес, сонымен қатар жастармен жұмыс істейтін қызметкердің адами және кәсіби жауапкершілігі. Біз жастарға бағыт көрсетеміз. Ендеше, өзіміздің де тәртіп пен заң талаптарына сай болуы – парызымыз», – деп атап өтті.
Оның айтуынша, құқықтық сауаттылық – сапалы және сенімді мемлекеттік қызметтің іргетасы, сондықтан орталық ұжымы арасында мұндай шаралар тұрақты түрде ұйымдастырылып отырады. Алдағы уақытта қызметкерлерге арналған құқықтық тренингтер, этика нормалары бойынша семинарлар, сондай-ақ іс жүзінде кездесетін құқықтық жағдайларды талдауға арналған практикалық сабақтар өткізу жоспарда бар.
«Жастар ресурстық орталығы» – тек жастармен жұмыс жасайтын мекеме ғана емес, құқықтық тәрбие мен заңдылықты насихаттаудың белсенді алаңы. Сондықтан мекеменің әрбір қызметкері тәртіпке бағынған, заңды сыйлаған тұлға болуы тиіс. Бұл – тек қызметтік талап қана емес, қоғам алдындағы жауапкершілік. Заң мен тәртіп – тұрақты дамудың кепілі. Заңды білетін қызметкер – сенімді қоғам өкілі!




Отправить комментарий