«Заң мен тәртіп» қағидаты: құқықтық сауат – қауіпсіз болашақ кепілі

Бүгін М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінде Заң клиникасы аясында «Заң мен тәртіп» тақырыбында маңызды танымдық кездесу өтті. Іс-шараның басты мақсаты – студент жастардың құқықтық сауаттылығын арттыру, заң талаптарын жан-жақты түсіндіру және құқық бұзушылықтың алдын алу.

Кездесу барысында сала мамандары жастарға заң талаптары мен жауапкершілік түрлері, құқық бұзушылық үшін көзделген жазалар, соның ішінде есірткі қылмысының салдары туралы нақты әрі түсінікті ақпарат берді. Сонымен қатар, заңға қайшы әрекеттердің қоғамға және жеке тұлғаның болашағына тигізетін кері әсері кеңінен түсіндіріліп, мұндай жағдайлардың алдын алу жолдары талқыланды.

Семинарға Шымкент қаласының Әділет департаменті, Полиция департаменті, Адвокаттар алқасы, Жастар ресурстық орталығының өкілдері қатысып, 300-ден астам студентпен ашық пікір алмасу өткізді. Студенттер өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, нақты құқықтық кеңестер алу мүмкіндігіне ие болды.

 

Кездесу барысында мамандар заңды білу – жауапкершіліктен қашу емес, керісінше өз құқықтарыңды қорғау екенін ерекше атап өтті. Әрбір құқық бұзушылықтың салдары бар екенін жастар ерте түсінуі тиіс. Құқықтық сауаттылық – құқықтық мемлекеттің берік негізі, ал заңды білетін жас – өз болашағына бейжай қарамайтын, саналы азамат.

Аталған іс-шара студенттердің құқықтық мәдениетін қалыптастыруға, заңға деген құрметті арттыруға және құқық бұзушылықтың алдын алуға бағытталған маңызды қадам болды.

Отправить комментарий