«ЗАҢ ЖӘНЕ ТӘРТІП» ТАҚЫРЫБЫНДА КЕЗДЕСУ ӨТТІ
Кентау қалалық «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің ұйымдастыруымен жастар арасында құқықтық сауаттылықты арттыру, құқықбұзушылықтың алдын алу және құқықтық мәдениетті қалыптастыру мақсатында «Заң және тәртіп» тақырыбында кездесу өтті. Аталған іс-шараға орталықтың заңгері Б. Шакиров және қала жастары қатысты. Кездесу бейресми әрі еркін форматта ұйымдастырылып, қатысушылар ашық пікір алмасуға мүмкіндік алды.
Кездесудің негізгі мақсаты – жастардың құқықтық білім деңгейін арттыру, заң талаптарын түсіндіру, олардың құқықтары мен міндеттерін білуіне жол ашу, сондай-ақ құқықтық тәртіп пен қоғамдық қауіпсіздікті сақтау бағытында нақты түсінік қалыптастыру. Сонымен қатар, құқықбұзушылықтың, әсіресе кәмелетке толмағандар мен жасөспірімдер арасындағы заңға қайшы әрекеттердің алдын алу, құқықтық мәдениетті нығайту да басты назарда болды.
Кездесу барысында заңгер Б. Шакиров жастарға ҚР қолданыстағы заңнамалары, оның ішінде Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекс пен Қылмыстық кодекстің негізгі баптары, сонымен қатар азаматтардың құқықтары мен міндеттері туралы кеңінен ақпарат берді. Ол құқықтық нормаларды сақтау – әрбір азаматтың міндеті екенін айта отырып, заң бұзудың салдары туралы нақты мысалдар келтірді.
Мәселен, кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта заңды өкілдерінсіз көшеде жүруі, қоғамдық орындарда тәртіпсіздік көрсету, ұсақ бұзақылық, төбелес, әлеуметтік желілерде заңға қайшы әрекеттер жасау – мұның барлығы да құқық бұзушылық болып есептелетіні атап өтілді. Бұл әрекеттердің салдары ретінде айыппұл, ескерту, әкімшілік қамауға алу сынды жаза түрлерінің қолданылатыны туралы айтылды.
Сонымен қатар, жастармен еркін сұхбат жүргізіліп, оларды алаңдататын мәселелер талқыланды. Көптеген жастар интернет желісіндегі алаяқтық, мектеп пен колледждердегі буллинг, есірткі заттарының таралуы, құқық қорғау органдарымен қарым-қатынас сынды тақырыптар бойынша сұрақтар қойды. Заңгер аталған мәселелер бойынша нақты заңдық түсіндірмелер беріп, алдын алу шаралары мен жауапкершілік түрлерін жан-жақты баяндады.
Іс-шарада жастарға құқықтық мәдениеттің маңыздылығы, өз құқықтарын білу мен оны дұрыс пайдалану, сонымен қатар қоғамда заң мен тәртіпке құрметпен қараудың қажеттілігі туралы ойлар жеткізілді. Әсіресе жастардың заң алдындағы жауапкершілігі мен заңға бағыну – қоғам тұрақтылығының негізгі кепілі екені ерекше аталып өтті.
Кездесу соңында қатысушылар өз ойларымен бөлісіп, мұндай ақпараттық-түсіндіру іс-шараларының жүйелі түрде өткізілуі жастар арасында құқықбұзушылықтың алдын алуға оң ықпал ететінін айтты. Жастар ресурстық орталығының мамандары да алдағы уақытта бұл бағыттағы жұмыстарды жалғастыратынын, құқықтық сауаттылықты арттыру бойынша түрлі форматтағы кездесулер, тренингтер, семинарлар өткізілетінін мәлімдеді.
Қорытындылай келе, «Заң және тәртіп» тақырыбындағы кездесу – жастарға құқықтық білім берудің, оларды жауапкершілікке тәрбиелеудің және заңды сыйлау мәдениетін қалыптастырудың тиімді құралы болды. Мұндай кездесулер жастардың құқықтық сауаттылығын арттырып қана қоймай, оларды өз болашағына жауапкершілікпен қарауға, қоғамда тәртіп пен тұрақтылықты сақтауға үндейді.
Заңды білу – заман талабы! Ал заңды сақтау – әрбір азаматтың міндеті!
Жастардың құқықтық сауаттылығы – болашақтың кепілі.




Отправить комментарий