«Қарасора-2026» жедел-профилактикалық іс-шарасы: есірткі қылмыстарының алдын алу нәтижелері
Есірткі құралдарының заңсыз айналымына қарсы күрес – құқық қорғау органдары қызметінің басым бағыттарының бірі. Осы мақсатта республика көлемінде өткізілетін «Қарасора-2026» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында Сауран аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері есірткі құқық бұзушылықтарының алдын алу, анықтау және жолын кесу бағытында кешенді жұмыстар атқарды.
Іс-шара барысында аудан аумағында тыйым салынған өсімдіктерді заңсыз өсіру, сақтау және есірткі заттарының заңсыз айналымына қатысты құқық бұзушылықтарды анықтау бойынша рейдтік және жедел іздестіру шаралары ұйымдастырылды. Полиция қызметкерлері ауылдық округтерде түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, тұрғындарға құрамында есірткі заты бар өсімдіктерді заңсыз өсірудің қылмыстық жауапкершілікке әкелетінін ескертті.
2026 жылдың алғашқы алты айының қорытындысы бойынша «Қарасора-2026» жедел-профилактикалық іс-шарасы кезінде Сауран ауданында Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 300-бабы бойынша есірткі заттарын заңсыз өсіруге қатысты 5 қылмыстық құқық бұзушылық анықталды. Өткен жылдың осы кезеңінде мұндай 3 дерек тіркелген болатын. Бұл көрсеткіш полиция қызметкерлерінің профилактикалық және жедел жұмыстарды күшейтуінің нәтижесінде бұрын жасырын қалып келген заң бұзушылықтардың анықталғанын көрсетеді.
Анықталған деректердің басым бөлігі тұрғындардың өз аулаларында немесе жер телімдерінде құрамында есірткі заты бар өсімдіктерді заңсыз өсіруіне байланысты тіркелді. Әрбір факт бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталып, заң талаптарына сәйкес процессуалдық шешімдер қабылдануда.
Сонымен қатар есепті кезеңде Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 296-бабы бойынша есірткі құралдарын заңсыз сақтау дерегімен 7 қылмыстық құқық бұзушылық анықталды. Ал Қылмыстық кодекстің 297-бабы бойынша, яғни есірткі заттарын өткізуге қатысты қылмыстар тіркелген жоқ. Бұл құқық қорғау органдарының есірткінің заңсыз таралуының алдын алу бағытындағы жұмыстарының тиімділігін көрсетеді.
Полиция қызметкерлері профилактикалық іс-шаралар барысында жастармен, білім беру ұйымдарының өкілдерімен және ауыл тұрғындарымен кездесулер өткізіп, есірткінің адам денсаулығына және қоғамға тигізетін зияны туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Сонымен қатар заңсыз есірткі өсіру мен сақтағаны үшін көзделген қылмыстық жауапкершілік туралы жан-жақты ақпарат берілді.
Сауран аудандық полиция бөлімі есірткі қылмыстарының алдын алу бағытындағы жұмыстарды алдағы уақытта да жалғастырады. Тұрғындарды өз жер учаскелерінде тыйым салынған өсімдіктерді өсірмеуге, күмәнді жағдайлар туралы полицияға уақытылы хабарлауға және заң талаптарын қатаң сақтауға шақырады. Есірткіге қарсы күрес – құқық қорғау органдарының ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті.




Отправить комментарий