Түркістан – түркі әлемінің рухани-мәдени ордасы

Түркістан – тарихы терең, тағылымы мол, талай ғасырдан бері түркі халықтарының рухани өмірінде айрықша орын алып келе жатқан қасиетті мекен. Сыр бойы мен Ұлы Дала өркениетінің тоғысқан тұсында орналасқан шаһардың тарихы қазақ халқының ғана емес, күллі түркі дүниесінің өткенімен сабақтасып жатыр. Сондықтан Түркістанды түркі әлемінің рухани-мәдени ордасы деп атаудың өзіндік тарихи әрі рухани негізі бар.

Ғасырлар бойы Түркістан қаласы ғылым мен білімнің, сауда мен мәдениеттің, дін мен руханияттың маңызды орталықтарының бірі болды. Қалаға келген саяхатшылар мен ғалымдар, саудагерлер мен зиялы қауым өкілдері бұл өлкенің өркениеттік маңызын жоғары бағалаған. Түркістанның рухани беделінің артуына ең алдымен Қожа Ахмет Ясауи мұрасы айрықша ықпал етті.

Қожа Ахмет Ясауи – түркі халықтарының рухани тарихында өзіндік орны бар ұлы тұлға. Оның ілімі мен философиялық ойлары ғасырлар бойы халықтың дүниетанымына, адамгершілік ұстанымдарына және рухани құндылықтарына әсер етіп келеді. Ясауидің хикметтері арқылы адамды адалдыққа, имандылыққа, сабыр мен мейірімге, ізгілік пен әділетке үндейтін терең ойлар ұрпақтан-ұрпаққа жетті.

Түркістанның рухани келбетін айқындайтын ең басты тарихи нысандардың бірі – Қожа Ахмет Ясауи кесенесі. XIV ғасырдың соңында Әмір Темірдің бұйрығымен тұрғызылған сәулет ескерткіші бүгінде Қазақстанның ғана емес, бүкіл түркі өркениетінің аса құнды мұраларының бірі саналады. Кесене өзінің сәулеттік ерекшелігімен, тарихи маңызымен және рухани мазмұнымен Түркістанның халықаралық деңгейдегі танымалдығын арттырып отыр.

Түркістанның рухани маңызы уақыт өте келе әлсіреген жоқ. Керісінше, тәуелсіздік жылдарында қасиетті шаһардың тарихи-мәдени келбетін жаңғыртуға ерекше көңіл бөлінді. Қаланың туристік әлеуетін дамыту, тарихи орындарды сақтау, мәдени инфрақұрылымды жетілдіру бағытында ауқымды жұмыстар жүзеге асырылуда.

Бүгінде Түркістан заманауи келбеті қалыптасқан, мәдениет пен туризм қатар дамып келе жатқан қала ретінде жаңа даму кезеңіне қадам басты. Қаланың сәулеттік ансамблі жаңарып, тарихи орындар мен заманауи мәдени нысандар бір-бірімен үйлесім тауып келеді. Бұл Түркістанның өткенін сақтай отырып, болашаққа бет алғанын көрсетеді.

Түркістанның мәдени өмірінде театр, музей, кітапхана, филармония, мәдениет үйлері мен шығармашылық ұжымдардың орны ерекше. Бұл мекемелер ұлттық өнерді насихаттап, халықтың рухани сұранысын қанағаттандыруға, жас ұрпақтың шығармашылық қабілетін дамытуға қызмет етіп келеді.

Өңірде дәстүрлі өнерге де айрықша мән берілуде. Қазақтың күйі мен термесі, жыр-дастандары, ұлттық ән өнері мен қолөнері – Түркістан мәдениетінің ажырамас бөлігі. Әсіресе Сүгір Әліұлы, Төлеген Момбеков секілді дәстүрлі өнер өкілдерінің мұрасын дәріптеу арқылы өңірдің өзіндік орындаушылық мектебі кеңінен таныстырылып келеді.

Түркістан облысында ұйымдастырылатын мәдени фестивальдер мен шығармашылық байқаулар да ұлттық өнерді дамытуға үлкен үлес қосуда. «Өнерлі өлке», «Күй құдіреті», «Балтаңдай» секілді мәдени жобалар өңірдің өнерпаздарын бір ортаға жинап, шығармашылық әлеуетін танытуға мүмкіндік береді. Мұндай шаралар арқылы аудан-қалалардың мәдени ерекшеліктері көпшілікке ұсынылып, жергілікті өнерпаздардың еңбегі насихатталады.

Мәдениет – халықты біріктіретін үлкен күш. Түркістандағы мәдени іс-шаралардың басым бөлігі ұлттық құндылықтарды дәріптеумен қатар, түрлі буын өкілдерін ортақ рухани кеңістікке біріктіруге бағытталған. Әсіресе жастарды өнерге, кітап оқуға, тарихи мұраны тануға және ұлттық дәстүрді құрметтеуге баулу бағытындағы жобалардың маңызы зор.

Бүгінде Түркістан облысының мәдениет саласында дәстүр мен жаңашылдық қатар дамып келеді. Бір жағынан, ғасырлардан жеткен ұлттық өнер түрлері сақталып, қайта жаңғыртылса, екінші жағынан, заманауи мәдени жобалар мен жаңа шығармашылық форматтар енгізілуде. Бұл үрдіс мәдениеттің уақыт талабына сай дамуына мүмкіндік береді.

Түркістанның түркі әлеміндегі рухани орнын айқындайтын тағы бір маңызды фактор – халықаралық мәдени байланыстар. Түркі мемлекеттері арасындағы ынтымақтастықтың нығаюына байланысты Түркістанда халықаралық деңгейдегі түрлі мәдени және рухани кездесулер ұйымдастырылып келеді. Мұндай басқосулар бауырлас халықтардың тарихи және мәдени байланысын одан әрі нығайтып, ортақ құндылықтарды кеңінен дәріптеуге жол ашады.

Түркістанда өткен халықаралық іс-шаралар барысында қазақ халқының дәстүрі, ұлттық өнері мен тарихи мұрасы шетелдік қонақтарға таныстырылып келеді. Ұлттық музыка, қолөнер, театр, көрме және әдеби жобалар арқылы Түркістанның мәдени келбеті әлемге таныла түсуде.

Түркістанның мәдени әлеуеті туризм саласының дамуымен де тығыз байланысты. Қалаға келетін туристер үшін тарихи ескерткіштермен қатар, мәдени іс-шаралар мен шығармашылық бағдарламалардың да маңызы жоғары. Себебі турист үшін белгілі бір өңірдің тарихын көрумен қатар, оның мәдениетін сезіну, ұлттық өнерімен танысу маңызды.

Осы тұрғыдан алғанда, мәдениет пен туризмнің өзара байланысын дамыту Түркістанның халықаралық тартымдылығын арттыратын негізгі бағыттардың бірі болып отыр. Қасиетті орындарға зиярат етушілер мен туристердің мәдени нысандарға қызығушылығы артып, қаладағы музейлерге, театрларға, көрмелер мен концерттерге баратындар қатары көбейіп келеді.

Түркістан облысының мәдени өмірінде кітапханалардың да өзіндік орны бар. Кітапханалар қазіргі таңда тек кітап сақтайтын мекеме ғана емес, оқырман мен қаламгерді, ғылым мен шығармашылықты байланыстыратын заманауи мәдени орталыққа айналып келеді. Түрлі әдеби кештер, шығармашылық кездесулер, көрмелер мен оқырман жобалары ұйымдастырылып, кітап оқу мәдениетін қалыптастыруға бағытталған жұмыстар жүргізілуде.

Жастардың мәдени өмірге белсенді араласуы да Түркістанның болашағы үшін маңызды. Жас буын ұлттық құндылықтарды заманауи көзқараспен қабылдап, жаңа шығармашылық бағыттарды қалыптастыруға атсалысуда. Өнер мектептері мен шығармашылық орталықтарда білім алып жүрген балалар мен жасөспірімдердің республикалық және халықаралық байқауларда жетістікке жетуі өңірдегі мәдени ортаның әлеуетін көрсетеді.

Түркістанның мәдени дамуы тек қала аумағымен шектелмейді. Облыстың әр ауданында өзіндік өнер мектебі, салт-дәстүрі, фольклоры мен тарихи мұрасы қалыптасқан. Сайрамның тарихи мұрасы, Отырардың өркениеттік орны, Созақтың дәстүрлі өнері, Кентаудың мәдени тынысы, Бәйдібек пен Төлеби өңірлерінің табиғи және рухани құндылықтары – Түркістан облысының мәдени картасын байыта түседі.

Әр ауданның өзіндік мәдениетін бір ортада таныстыру өңірдің ішкі мәдени байланысын нығайтып қана қоймай, оның тұтас мәдени бейнесін қалыптастыруға мүмкіндік береді. Бұл бағытта түрлі фестивальдер мен мәдени күндердің өткізілуі маңызды рөл атқарады.

Түркістанның рухани-мәдени орда ретіндегі мәртебесі – өткеннің ғана жетістігі емес, бүгінгі ұрпақтың да жауапкершілігі. Тарихи ескерткіштерді сақтау, ұлттық өнерді дәріптеу, мәдени мұраны кейінгі буынға жеткізу – ортақ міндет. Өйткені мәдени мұра халықтың тарихи жадын сақтап, оның ұлттық болмысын айқындайды.

Қасиетті Түркістанның мәдени келбетін қалыптастыруда өнер адамдарының, мәдениет қызметкерлерінің, ғалымдар мен ұстаздардың, қолөнер шеберлері мен шығармашылық ұжымдардың еңбегі зор. Олардың әрқайсысы ұлттық мәдениеттің дамуына өз үлесін қосып келеді.

Бүгінде Түркістан тек Қазақстанның тарихи қаласы ретінде ғана емес, түркі халықтарының ортақ рухани мұрасын насихаттайтын халықаралық мәдени орталық ретінде де танылып келеді. Қалада ұйымдастырылатын мәдени шаралар түркі дүниесінің ортақ тарихын, тілін, өнерін және рухани құндылықтарын дәріптеуге мүмкіндік береді.

Түркі әлемінің мәдени байланысын нығайтуда Түркістанның алдағы уақытта да маңызды рөл атқаратыны анық. Өйткені бұл қалада ортақ тарихтың ізі, ортақ мәдениеттің сабақтастығы және түркі халықтарын біріктіретін рухани құндылықтар тоғысқан.

Түркістанның басты байлығы – оның тарихи жады мен рухани мұрасы. Қасиетті шаһардың әрбір көшесі мен тарихи нысаны, әрбір мәдени іс-шарасы өткен мен бүгінді жалғап тұрған алтын көпір іспетті.

Сондықтан Түркістанды түркі әлемінің рухани-мәдени ордасы деу – оның тарихи миссиясы мен бүгінгі даму бағытын қатар айқындайтын ұғым. Бұл мәртебе қалаға үлкен мүмкіндікпен бірге зор жауапкершілік те жүктейді.

Алдағы уақытта Түркістанда ұлттық мәдениетті жаңғырту, тарихи мұраны сақтау, шығармашылық индустрияны дамыту, халықаралық мәдени байланыстарды кеңейту және жас таланттарды қолдау бағытындағы жұмыстар жалғасын таба бермек.

Тарихы терең Түркістанның рухани шамы ғасырлар бойы өшкен емес. Бүгінде сол рухани жарық жаңа мәдени жобалармен, өнер мен шығармашылықпен, жас ұрпақтың ізденісімен жалғасып келеді. Бұл – Түркістанның тек өткенді ұлықтайтын мекен емес, болашаққа бағыт-бағдар беретін рухани орталық екенін көрсетеді.

Түркістан – түркі дүниесінің тарихи жадын сақтаған, ұлттық мәдениетті ұлықтаған, руханият пен өнерді тоғыстырған қасиетті шаһар. Оның рухани мұрасы – бір халықтың ғана емес, тамыры бір туысқан түркі жұртының ортақ қазынасы. Сондықтан Түркістанның мәдени өркендеуі – күллі түркі әлемінің рухани байланысын нығайтуға қызмет ететін маңызды құндылық.

Отправить комментарий