Көші-қон саласындағы бақылау: шетел азаматтарының заң талаптарын сақтауы және құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету

Көші-қон үдерістерін реттеу және шетел азаматтарының Қазақстан Республикасының заңнамасын сақтауын қамтамасыз ету – ішкі істер органдары қызметінің маңызды бағыттарының бірі. Бұл саладағы жұмыстар азаматтардың құқықтарын қорғауға, заңсыз көші-қонның алдын алуға және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған.

Сауран аудандық полиция бөлімінің Көші-қон полиция бөлімі аудан аумағында жүрген шетел азаматтарының заң талаптарын сақтауын бақылау, олардың уақытша болу тәртібін қадағалау және көші-қон заңнамасын бұзу фактілерін анықтау бойынша тұрақты жұмыстар жүргізуде.

Шетел азаматтарының Қазақстан аумағында заңды негізде болуы – көші-қон саласындағы басты талаптардың бірі. Осы бағытта уақытша жүруге рұқсат рәсімдеу, еңбек қызметін жүзеге асыру үшін тіркеу және өзге де қажетті құжаттарды заң талаптарына сәйкес рәсімдеу жұмыстары жүргізілуде.

Аталған бағыттағы жұмыстар нәтижесінде Сауран ауданы аумағында уақытша жүру үшін 977 шетел азаматына рұқсат берілді. Оның ішінде еңбек ету мақсатында келген 908 азамат тіркеліп, 18 шетел азаматы отбасымен қауышу мақсатында тиісті рұқсат алған.

Көші-қон процестерін бақылау барысында шетел азаматтарының жеке басын анықтау және мәліметтер базасын толықтыру мақсатында саусақ іздерін алу жұмыстары да жүргізілуде. Есепті кезеңде Сауран аудандық полиция бөлімінің көші-қон қызметі 2675 Өзбекстан Республикасы азаматынан дактилоскопиялық тіркеу рәсімдерін өткізді.

Бұл жұмыстар шетел азаматтарының қозғалысын бақылауға, олардың құқықтық мәртебесін анықтауға және көші-қон саласындағы заң бұзушылықтардың алдын алуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар қауіпсіздік шараларын күшейтіп, заңсыз көші-қон арналарына тосқауыл қоюға ықпал етеді.

Көші-қон заңнамасын бұзған азаматтарға қатысты қолданыстағы заң талаптарына сәйкес әкімшілік шаралар қабылдануда. Анықталған құқық бұзушылықтар бойынша қажетті құжаттар жинақталып, сот органдарына жолданады. Бұл шаралардың басты мақсаты – заң талаптарын сақтау мәдениетін қалыптастыру және көші-қон саласындағы тәртіпті қамтамасыз ету.

Полиция қызметкерлері шетел азаматтарымен түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, Қазақстан Республикасының аумағында болу тәртібі, еңбек қызметін жүзеге асыру талаптары және тіркеу ережелері туралы ақпарат беруде. Заң талаптарын білу және сақтау – кез келген азаматтың, оның ішінде уақытша жүрген шетел азаматтарының да міндеті.

Көші-қон саласындағы тиімді бақылау – қоғамдық тұрақтылық пен қауіпсіздіктің маңызды кепілі. Осы бағытта Сауран аудандық полиция бөлімі шетел азаматтарының құқықтық тәртібін қамтамасыз ету, заңсыз көші-қонның алдын алу және көші-қон заңнамасының сақталуын бақылау жұмыстарын тұрақты түрде жалғастыра береді.

Отправить комментарий