ҚОЛӨНЕРШІЛЕР ОРТАЛЫҒЫНДА «ТҮРКІСТАН ТӨРІНДЕ ҰЛТТЫҚ МҰРА» КӨШПЕЛІ КӨРМЕСІ АШЫЛДЫ
Түркістан қаласындағы Қолөнершілер орталығының көрме залында ұлттық тарих пен мәдени мұраны кеңінен насихаттауға бағытталған «Түркістан төрінде ұлттық мұра» атты көшпелі көрме өз жұмысын бастады. Мәдени-танымдық жобаны Түркістан облысы мәдениет басқармасының қолдауымен Түркістан облыстық тарихи-өлкетану музейі ұйымдастырып отыр. Көрменің негізгі мақсаты – өңірдің сан ғасырлық тарихынан сыр шертетін құнды жәдігерлерді көпшілікке таныстыру, музей қорында сақталған тарихи-мәдени мұраларды насихаттау, ұлттық құндылықтарға деген құрметті арттыру және жас ұрпақтың бойында тарихи сана мен отансүйгіштік сезімді қалыптастыру. Салтанатты ашылу рәсіміне Түркістан облысы мәдениет басқармасы басшысының міндетін атқарушы Бақытжан Шынарбайұлы, мәдениет саласының мамандары, зиялы қауым өкілдері, қолөнер шеберлері, қала тұрғындары, жастар, туристер және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Жиын барысында сөз алған сала мамандары мұндай көрмелердің тарихи жәдігерлерді сақтау мен кейінгі ұрпаққа жеткізудегі маңызына тоқталып, ұлттық мұраны дәріптеу бағытындағы жұмыстардың жалғаса беретінін атап өтті.
Көрме экспозициясына Түркістан облысының бай тарихи-мәдени мұрасын айшықтайтын әр кезеңге тиесілі жәдігерлер қойылған. Олардың қатарында археологиялық қазба жұмыстары барысында табылған көне бұйымдар, Қазақ хандығы дәуіріне қатысты тарихи мұралар, этнографиялық құндылықтар, ұлттық музыкалық аспаптар, дәстүрлі қолөнер туындылары және киіз үй мәдениетіне қатысты бұйымдар бар. Сонымен бірге келушілер қазақ халқының дәстүрлі кесте өнерінің үлгілерімен де таныса алады. Әр жәдігер халқымыздың тұрмыс-тіршілігі, дүниетанымы, салт-дәстүрі мен өнерінен сыр шертеді. Экспозициядағы ерекше құндылықтардың бірі – Кенесары ханның қылышы. Қазақ тарихында өзіндік орны бар ханның қаруы көрермендердің қызығушылығын тудырып, өткен дәуірдің тарихи оқиғаларын тереңірек тануға мүмкіндік береді. Көрмеге қойылған жәдігерлер арқылы келушілер Түркістан өңірінің тарихын бір ғана кезеңмен шектемей, көне заманнан бүгінге дейінгі мәдени сабақтастық тұрғысынан зерделей алады.
«Түркістан төрінде ұлттық мұра» көрмесінің тағы бір ерекшелігі – оның көшпелі форматта ұйымдастырылуы. Бұл жоба музей қорындағы құндылықтарды тек бір жерде сақтап қана қоймай, оларды өңір тұрғындарына кеңінен таныстыруға мүмкіндік береді. Көшпелі көрме барысында тарихи жәдігерлер түрлі елді мекендерге жеткізіліп, тұрғындар мен қонақтарға ұсынылады. Мұндай бастамалар әсіресе жас буынның ұлттық тарихқа деген қызығушылығын арттыруға ықпал етеді. Себебі музейдегі жәдігерлерді көзбен көріп, олардың тарихымен танысу – тарихи білімді тереңдетудің тиімді жолдарының бірі. Сонымен қатар көрме отандық туризмді дамытуға, Түркістанның мәдени әлеуетін танытуға және өңірдің тарихи-мәдени нысандарына деген қызығушылықты арттыруға септігін тигізеді. Көрме залындағы жәдігерлердің әрқайсысы ұлттық болмыстың қалыптасу жолын, ата-бабалардан мирас болған өнер мен дәстүрдің ерекшелігін көрсетеді. Осы арқылы көрме тек тарихи заттардың жиынтығы емес, ұлттың рухани жадын жаңғыртатын маңызды мәдени жоба ретінде ерекшеленеді.
Айта кетейік, жоба аясындағы жұмыстар мұнымен шектелмейді. Алдағы уақытта Түркістан облыстық тарихи-өлкетану музейінің облыстағы 8 филиалы кезек-кезегімен екі апталық көшпелі көрмелер ұйымдастырып, өз қорларында сақталған тарихи-мәдени құндылықтарды тұрғындар мен өңір қонақтарына таныстыратын болады. Әр филиал өз қорындағы ерекшелігімен дараланатын жәдігерлерді іріктеп, түрлі тақырыптағы экспозициялар ұсынуды жоспарлап отыр. Бұл бастама облыстың әр ауданындағы тұрғындардың музей қорындағы құнды дүниелермен жақынырақ танысуына жол ашады. Сонымен бірге көшпелі көрмелер мәдени-ағартушылық жұмысты жандандырып, тарихи мұраны сақтау, зерттеу және насихаттау ісіне жаңа серпін береді. Ұлттық тарих пен мәдениетті дәріптеу – өткенді танып қана қою емес, оны болашақ ұрпаққа аманаттау. Осы тұрғыдан алғанда, «Түркістан төрінде ұлттық мұра» жобасы халқымыздың материалдық және рухани құндылықтарын кеңінен насихаттап, тарихи сананы жаңғыртуға бағытталған маңызды мәдени бастамалардың бірі болмақ.




Отправить комментарий