ТҮРКІСТАНДА ӨТКЕН «ШӘМШІ ӘНДЕРІ» ӨНЕР ФЕСТИВАЛІ ЖҰРТШЫЛЫҚҚА ЕРЕКШЕ ШАБЫТ ПЕН КӨҢІЛ КҮЙ СЫЙЛАДЫ

Түркістан қаласындағы «Керуен сарай» туристік кешенінде қазақ музыка өнерінің көрнекті өкілі, ән падишасы, Қазақстанның Халық әртісі Шәмші Қалдаяқовтың шығармашылығын ұлықтауға арналған «Шәмші әндері» өнер фестивалі өтті.

Қазақ ән өнерінің алтын қорына енген туындыларды кеңінен насихаттауды мақсат еткен мәдени шараға Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров, зиялы қауым өкілдері, мәдениет және өнер саласының қайраткерлері, өңір тұрғындары мен қала қонақтары қатысты.

Фестивальдің басты мақсаты – қазақ музыкасының классигі Шәмші Қалдаяқовтың мол шығармашылық мұрасын дәріптеу, ұлттық өнердің қадір-қасиетін арттыру, жас орындаушыларға қолдау көрсету және композитор әндерінің кейінгі ұрпаққа кеңінен жетуіне мүмкіндік жасау.

Шәмші Қалдаяқов – қазақ кәсіби музыка өнерінің дамуына айрықша үлес қосқан композитор. Оның шығармалары бірнеше буын тыңдарманның жүрегінен орын алып, қазақ халқының рухани-мәдени өмірінің ажырамас бөлігіне айналды. Композитордың әндерінде туған жерге деген сүйіспеншілік, махаббат, жастық шақ, ел мен жерге деген құрмет, адамдық сезімдер кеңінен көрініс тапқан.

Фестиваль барысында Қазақстанның танымал эстрада өнерпаздары мен жас орындаушылар сахнаға шығып, Шәмші Қалдаяқовтың көпшілік сүйіп тыңдайтын әндерін орындады. Концерттік бағдарламада «Жігіттер» квартеті, «Melomen», «Сарын» және «Turan Boys» топтары, сондай-ақ Мөлдір Әуелбекова, Маржан Арапбаева, Алтынай Жорабаева, Досымжан Таңатаров, Әли Оқапов, Ғазизхан Шекербеков, Асқар Жүнісбеков, Қанай, Руслан Ақынбаев, Аяжан Нұрмахан, Маржан Ерланқызы, Данияр Барыс, Эльвира Мамытова және басқа да өнерпаздар өнер көрсетті.

Кеш барысында Шәмші Қалдаяқовтың таңдаулы шығармалары орындалып, көрерменге ерекше музыкалық әсер сыйлады. Әншілердің орындауындағы композитор туындылары залға жиналған жұртшылықтың ыстық ықыласына бөленді. Көрермендер сүйікті әндерін өнерпаздармен бірге шырқап, қазақ ән өнерінің дара тұлғасына деген құрметін білдірді.

Фестивальдің ерекшелігі – Шәмші Қалдаяқов шығармашылығын тек еске алу немесе әндерін орындаумен шектемей, оның ұлттық музыкадағы орнын жас ұрпаққа таныстыруға бағытталуы. Осындай мәдени жобалар арқылы жастардың дәстүрлі және кәсіби қазақ музыкасына деген қызығушылығын арттыруға, өнерге құрметін қалыптастыруға мүмкіндік бар.

Шәмші әндерінің бүгінгі күнге дейін өзектілігін жоғалтпауы – композитор шығармашылығының өміршеңдігінің айқын дәлелі. Оның әндері уақыт өткен сайын жаңа орындаушылардың репертуарынан орын алып, әр буынның өзіндік қабылдауымен қайта жаңғырып келеді. Бұл – ұлттық өнердегі сабақтастықтың маңызды көрінісі.

Түркістан облысында мәдениет пен өнерді дамытуға ерекше көңіл бөлініп келеді. Өңірде тұрғындардың мәдени демалысын ұйымдастырумен қатар, ұлттық өнерді дәріптеуге, шығармашылық ұжымдарға қолдау көрсетуге және ауқымды мәдени жобаларды өткізуге бағытталған жұмыстар жүзеге асырылуда.

Түркістан облысы тарихи-мәдени мұрасы бай өңір ретінде республикалық және халықаралық деңгейдегі мәдени іс-шараларды өткізуге қолайлы орталықтардың біріне айналып келеді. Түркістан қаласының тарихи келбеті мен заманауи инфрақұрылымының үйлесуі мәдени және туристік жобаларды ұйымдастыруға кең мүмкіндік береді.

Облыс құрылған 2018 жылдан бері мәдениет саласында бірқатар маңызды жұмыстар атқарылды. Осы кезеңде ел игілігіне 35 мәдениет нысаны берілді. Бұл нысандар тұрғындардың мәдени іс-шараларға қатысуына, шығармашылық қабілеттерін дамытуына және ұлттық өнерді кеңінен насихаттауға мүмкіндік беретін маңызды қоғамдық орындарға айналуда.

Түркістан қаласында республикалық және халықаралық деңгейдегі өнер кештері, фестивальдер, байқаулар мен шығармашылық кездесулердің тұрақты түрде өткізілуі қаланың мәдени орталық ретіндегі маңызын арттырып отыр. Мұндай шаралар өңір тұрғындарына сапалы мәдени өнім ұсынумен қатар, еліміздің әр өңірінен өнерпаздардың басын қосып, шығармашылық байланыстардың дамуына жол ашады.

Мәдениет пен туризмнің өзара сабақтастығы да Түркістан облысының дамуында маңызды орын алады. Түркістанға келген қонақтар тарихи нысандарды тамашалап қана қоймай, түрлі мәдени бағдарламаларға қатысып, ұлттық өнердің озық үлгілерімен танысуға мүмкіндік алады.

Соңғы жылдары Түркістан облысының туристік әлеуеті де айтарлықтай артып келеді. Өңірге сегіз жыл ішінде 2,5 миллион турист келген. Атап айтқанда, 2018 жылы облысқа 186,2 мың турист келсе, 2025 жылы бұл көрсеткіш 500 мың адамға жеткен. Осылайша туристер саны 2018 жылмен салыстырғанда шамамен 2,5 есеге артқан.

Сонымен қатар тарихи аумақтарға 10 миллионнан астам біркүндік келуші келген. Бұл көрсеткіш Түркістан облысының тарихи-мәдени мұрасының туристік тартымдылығын және өңірдің мәдени туризмдегі әлеуетін айқын көрсетеді.

Туризмнің дамуы мәдени іс-шаралардың ауқымын кеңейтуге де ықпал етеді. Өнер фестивальдері мен концерттік бағдарламалар туристер үшін қосымша мәдени бағдар қалыптастырып, Түркістанның туристік имиджін нығайта түседі.

Осы тұрғыдан алғанда, «Шәмші әндері» фестивалінің Түркістан қаласындағы «Керуен сарай» кешенінде өткізілуінің символдық мәні бар. Бір жағынан, шара қазақ музыкасының мәңгілік мұрасын дәріптесе, екінші жағынан, Түркістан облысының мәдени және туристік мүмкіндіктерін танытуға үлес қосты.

Фестиваль ұлттық өнердің уақыт пен кеңістікке бағынбайтын құндылық екенін тағы бір мәрте көрсетті. Шәмші Қалдаяқовтың әндері арқылы көрермендер қазақ музыкасының байлығын сезініп, өнер мен руханияттың адам жүрегіндегі ерекше орнын бағамдады.

Түркістан облысында мұндай мәдени жобалардың ұйымдастырылуы өңірдегі мәдени ортаның қалыптасуына, ұлттық өнердің насихатталуына және шығармашылық әлеуеттің артуына серпін береді.

«Шәмші әндері» өнер фестивалі түркістандықтар мен қала қонақтарына ерекше көңіл күй, рухани әсер және эстетикалық ләззат сыйлаған маңызды мәдени шара болды. Кеш барысында Шәмші Қалдаяқовтың әндері қайта жаңғырып, композитор мұрасы жаңа буынға тағы бір мәрте таныстырылды.

Шәмші әндері – қазақ халқының жүрегінде сақталған рухани қазына. Оны орындау, тыңдау және кейінгі ұрпаққа жеткізу – ұлттық музыка мәдениетінің сабақтастығын қамтамасыз ететін маңызды үрдіс.

Түркістан облысы алдағы уақытта да мәдениет, өнер және туризмді ұштастыратын ауқымды жобаларды өткізу арқылы өңірдің рухани өмірін байытып, ұлттық мәдениетті кеңінен насихаттай бермек.

Отправить комментарий