Хантағы ауылында жаңа спорт алаңы ашылып, тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыру жұмыстары жалғасуда

Кентау қаласына қарасты Хантағы ауылында тұрғындар игілігіне арналған жаңа заманауи футбол алаңшасы пайдалануға берілді. Ауыл жастары мен спорт сүйер қауым үшін маңызды нысанның ашылу салтанаты ұйымдастырылып, оған Кентау қаласының әкімі Жандос Тасов, қалалық мәслихат депутаттары, ауыл ақсақалдары, тұрғындар және жастар қатысты.

Салтанатты жиында сөз сөйлеген қала әкімі Жандос Тасов ауыл тұрғындарын жаңа спорт нысанының ашылуымен құттықтап, бұқаралық спортты дамыту мен тұрғындарға қолайлы жағдай жасау бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Ол Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес елімізде халықтың дене шынықтырумен тұрақты айналысуына мүмкіндік беретін спорт инфрақұрылымын дамытуға ерекше мән беріліп отырғанын атап өтті.

«Спорт – денсаулық кепілі ғана емес, жастардың бойында тәртіп, жауапкершілік, командалық рух және белсенді өмір салтын қалыптастыратын маңызды бағыттардың бірі. Бүгін пайдалануға беріліп отырған жаңа футбол алаңшасы Хантағы ауылының жастарына үлкен мүмкіндік береді. Бұл жерде балалар мен жасөспірімдер бос уақытын тиімді өткізіп, спортпен шұғылданып, өз қабілеттерін шыңдай алады. Мұндай нысандар ауыл тұрғындарының белсенділігін арттырып, салауатты өмір салтын қалыптастыруға ықпал етеді», – деді қала әкімі.

Жаңа спорт алаңы заманауи талаптарға сай жабдықталған. Мұнда балалар мен жастардың футбол ойнауына, жаттығу өткізуіне және түрлі спорттық іс-шараларды ұйымдастыруына барлық жағдай жасалған. Спорт нысаны ауыл тұрғындарының басын біріктіретін, жастардың денсаулығын нығайтып, белсенді демалысын қамтамасыз ететін маңызды орынға айналады.

Қала басшысы өз сөзінде Хантағы ауылында тек спорт саласы ғана емес, елді мекеннің жалпы инфрақұрылымын дамыту бағытында да ауқымды жұмыстар жүргізіліп жатқанын атап өтті. Атап айтқанда, ауылішілік көшелерді абаттандыру, жолдарға асфальт төсеу, көлік қатынасын жақсарту мақсатында көпір құрылысын жүргізу, балалар ойын алаңшаларын орнату және тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған басқа да жобалар жүзеге асырылуда.

«Ауылдардың инфрақұрылымын дамыту – тұрғындардың жайлы өмір сүруі үшін маңызды міндеттердің бірі. Хантағы ауылында атқарылып жатқан жұмыстар кезең-кезеңімен жалғасып, елді мекеннің әлеуметтік және инженерлік мүмкіндіктерін арттыруға бағытталады. Тұрғындардың ұсыныстары мен қажеттіліктері әрдайым назарда болады», – деді Жандос Тасов.

Сонымен қатар қала әкімі аталған жобаның жүзеге асуына үлес қосқан азаматтарға, бастамашыларға және демеушілерге алғысын білдірді. Ол ауыл тұрғындарының игілігіне бағытталған осындай әлеуметтік маңызы бар жобалардың қоғамның бірлігін нығайтып, елді мекендердің дамуына оң әсер ететінін атап өтті.

Іс-шара барысында ауыл жастары арасында футболдан жарыс ұйымдастырылып, жаңа алаңда алғашқы ойындар өткізілді. Турнирге қатысқан спортшылар өз шеберліктерін көрсетіп, жеңімпаздар мен жүлдегерлер арнайы марапаттарға ие болды. Бұл шара ауыл жастарына көтеріңкі көңіл күй сыйлап, спортқа деген қызығушылығын арттырды.

Айта кетейік, Хантағы ауылында тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған кешенді жұмыстар тұрақты түрде жүргізілуде. Бүгінде ауылішілік көшелерді жөндеу, жаңа көпір салу, балалар ойын алаңдарын орнату, абаттандыру және басқа да инфрақұрылымдық жобалар кезең-кезеңімен жүзеге асырылып жатыр.

Мұндай әлеуметтік маңызы бар бастамалар ауыл тұрғындары үшін қолайлы орта қалыптастыруға, жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға және елді мекеннің дамуына жаңа серпін беруге мүмкіндік береді. Алдағы уақытта да Хантағы ауылында халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған жұмыстар жалғасын тауып, тұрғындарға жайлы әрі қауіпсіз өмір сүру жағдайын қалыптастыруға бағытталады.

Отправить комментарий