ТҮРКІСТАНДА «КІТАП ОҚИТЫН ҰЛТ» ЖОБАСЫН ҚОЛДАУ МАҚСАТЫНДА ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ МЕМОРАНДУМЫНА ҚОЛ ҚОЙЫЛДЫ
Түркістанда Мемлекет басшысының бастамасымен кітап оқу мәдениетін дамыту, қоғамның рухани әлеуетін арттыру және зерделі, шығармашыл әрі бәсекеге қабілетті ұрпақ қалыптастыруға бағытталған маңызды кездесу өтті. Жиын барысында «Кітап оқитын ұлт – Читающая нация» қоғамдық қоры мен Түркістан облысының әкімдігі арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Іс-шараға Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев пен қоғамдық қордың төрағасы Бақытжан Тұрлыбеков қатысты. Кездесудің негізгі мақсаты – өңірде кітап оқу мәдениетін жүйелі түрде дамытуға бағытталған «Кітап оқитын ұлт» жобасын бірлесіп жүзеге асырудың нақты тетіктерін айқындау және осы бағыттағы жұмыстарды жаңа деңгейге көтеру. Тараптар меморандум аясында мемлекеттік органдардың, білім беру және мәдениет ұйымдарының, қоғамдық бірлестіктердің күш-жігерін ортақ мақсатқа жұмылдырудың маңыздылығын атап өтті. Жоба аясында облыс тұрғындарының кітап оқуға қызығушылығын арттыру, оқырмандық мәдениетті қалыптастыру және кітапты рухани дамудың маңызды құралы ретінде кеңінен насихаттау көзделген. Сонымен қатар өңірде бастаманы үйлестіріп, жүйелі жұмыстарды ұйымдастыру үшін арнайы кеңсе құру жоспарланып отыр. Бұл құрылым жобаның іске асырылуын үйлестіріп, аудандық және қалалық деңгейдегі жұмыстардың бірізді жүргізілуін қамтамасыз етпек. Жиында бастаманы жүзеге асырудың ұйымдастырушылық мәселелерімен қатар, әдістемелік сүйемелдеу, ақпараттық-түсіндіру жұмыстары және жергілікті жерлерде жобаның тиімділігін арттыру жолдары да талқыланды.
Облыс әкімінің орынбасары Ертай Кенжебекұлы ұлттың рухани құндылықтарын дәріптеуге бағытталған бастамаларға өңір тарапынан әрдайым қолдау көрсетілетінін айтып, кітап оқу мәдениетін қалыптастырудың қоғам үшін маңыздылығына тоқталды. Оның айтуынша, бүгінгі меморандум өңірде кітап оқуға деген қызығушылықты арттырып, жас ұрпақтың рухани және зияткерлік әлеуетін дамытуға бағытталған нақты қадамдардың бірі. Ол Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың 2023 жылы Түркістан қаласында өткен Ұлттық құрылтайда кітап оқу мәдениетіне ерекше назар аударып, жастарды ерте жастан кітап оқуға баулудың маңыздылығын атап өткенін жеткізді. Президенттің кітап оқитын ұлт қалыптастыру туралы бастамасы бүгінде қоғамның білімге, парасатқа және рухани құндылықтарға деген көзқарасын нығайтуға бағытталған маңызды идеологиялық бағыттардың біріне айналып отыр. Осы орайда Түркістанның жобаға қосылуының өзіндік символдық мәні бар. Түркістан – түркі әлемінің рухани астанасы, халқымыздың тарихы мен мәдениеті, ғылымы мен ағартушылық дәстүрлері тоғысқан қасиетті мекен. Қожа Ахмет Ясауи кесенесі орналасқан бұл өңірде білім мен руханияттың орны әрдайым ерекше болған. Сондықтан кітап оқу мәдениетін дамытуға бағытталған бастаманың Түркістанда жүйелі түрде жүзеге асуы өңірдің тарихи-рухани миссиясымен сабақтасып отыр. Жоба аясында тұрғындардың, әсіресе балалар мен жастардың кітапқа деген қызығушылығын арттыруға, отбасылық кітап оқу дәстүрін қалыптастыруға және қоғамда білім мен парасат құндылықтарын орнықтыруға басымдық беріледі.
Меморандум аясында Түркістан облысының тұрғындары «Кітап оқитын ұлт» республикалық кітап оқу марафонына белсенді қатысып, отбасы, тәрбие, жауапкершілік, адамгершілік және ұлттық рухани мұра тақырыптарын қамтитын шығармаларды бірге оқуға мүмкіндік алады. Бұл бастама әртүрлі жастағы азаматтарды ортақ рухани құндылықтар төңірегіне біріктіретін маңызды мәдени-ағартушылық алаңға айналмақ. Әсіресе балалар мен жастарды кітап оқуға баулу арқылы олардың дүниетанымын кеңейтіп, сыни ойлау қабілетін дамытуға, өз ойын сауатты әрі еркін жеткізуіне жағдай жасау көзделіп отыр. Жоба тек кітап оқумен шектелмей, оқырмандар арасында пікірталас, әдеби кездесу, кітап талқылау, шығармашылық байқау және түрлі танымдық іс-шаралар ұйымдастыруға мүмкіндік береді. Мұндай жұмыстар оқырманның кітаппен байланысын тұрақты қалыптастырып, әдебиетті қоғамдық ортада кеңінен насихаттауға ықпал етеді. Сонымен бірге меморандум аясында білім беру және мәдениет мекемелері, мемлекеттік органдар мен қоғамдық ұйымдар өзара ынтымақтастық орнатып, бірлескен жобаларды жүзеге асырады. Бұл кітап оқу мәдениетін қалыптастыру ісін жеке мекемелердің шеңберінен шығарып, оны қоғамдық деңгейдегі ортақ іске айналдыруға мүмкіндік береді. Әр аудан мен қалада жобаның бағыттарына сәйкес түрлі іс-шаралар өткізіліп, тұрғындардың белсенді қатысуына жағдай жасалмақ. Жобаға ата-аналардың, ұстаздардың, кітапханашылардың, мәдениет саласының мамандарының және қоғам белсенділерінің қатысуы да маңызды. Себебі баланың кітапқа деген қызығушылығы ең алдымен отбасы мен мектептегі ортаға байланысты қалыптасады. Осы тұрғыдан алғанда, жоба отбасылық оқу мәдениетін дамытуға да ерекше мән береді.
Сонымен қатар жобаны жүзеге асыру барысында заманауи технологиялардың мүмкіндіктерін тиімді пайдалану көзделіп отыр. Цифрлық ресурстар мен онлайн платформаларды қолдану арқылы облыс тұрғындарының кітаптарға қолжетімділігін арттыру, электронды әдебиеттерді насихаттау және шалғай елді мекендердегі оқырмандарды жобаға кеңінен тарту мүмкіндігі қарастырылады. Бұл әсіресе ауыл тұрғындары үшін әдеби контентке қолжетімділікті кеңейтіп, кітап оқу мәдениетін жаңа форматта дамытуға жол ашады. Жобаның басты міндеттерінің бірі – кітаптың қоғамдағы беделін арттырып, оны адамның жеке дамуы мен білім алуындағы маңызды құрал ретінде таныту. Кітап оқитын адам өз білімін жетілдіріп қана қоймай, түрлі көзқарастарды саралауға, тарихи және мәдени үдерістерді терең түсінуге мүмкіндік алады. Сондықтан «Кітап оқитын ұлт» жобасы рухани жаңғырумен қатар, қоғамның зияткерлік әлеуетін арттыруға бағытталған маңызды бастама болмақ. Түркістан облысы үшін бұл жоба өңірдің тарихи-мәдени ерекшелігімен үндесіп, білім мен руханиятты дәріптейтін жаңа мәдени орта қалыптастыруға ықпал етеді. Алдағы уақытта меморандумда көзделген міндеттерді жүзеге асыру арқылы облыста кітап оқу мәдениетін насихаттау жұмыстары жүйеленіп, оқырмандардың белсенділігі арта түспек. Осылайша, Түркістанда қолға алынған бастама балалар мен жастарды кітапқа жақындатып, отбасылық оқу дәстүрін қалыптастырып, қоғамда білім мен парасатты жоғары бағалайтын орта қалыптастыруға бағытталған маңызды қадамға айналады.




Отправить комментарий