Интернет-алаяқтыққа қарсы күрес: тұрғындарды сақтандыру және құқық қорғау органдарының жұмысы

Цифрлық технологиялардың қарқынды дамуы азаматтардың күнделікті өмірін жеңілдеткенімен, интернет арқылы жасалатын алаяқтық қылмыстарының көбеюіне де ықпал етуде. Бүгінде интернет-алаяқтық республика бойынша өзекті мәселелердің біріне айналып отыр. Бұл үрдіс Сауран ауданында да байқалады.

2026 жылдың алғашқы алты айының қорытындысы бойынша аудан аумағында интернет арқылы жасалған алаяқтық қылмыстарының саны өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 4 деректен 11 дерекке дейін өсті. Бұл көрсеткіш тұрғындардың интернет кеңістігіндегі қауіпсіздік талаптарын сақтауының маңызын тағы бір мәрте дәлелдейді.

Талдау нәтижесіне сәйкес, алаяқтар көбіне әлеуметтік желілер, мессенджерлер және интернет-сайттар арқылы әрекет етеді. Олар өздерін банк қызметкері, құқық қорғау органы немесе мемлекеттік мекеменің өкілі ретінде таныстырып, азаматтардың банк картасының деректерін, SMS-кодтарын немесе жеке мәліметтерін алдап алады. Сондай-ақ жалған инвестициялық жобалар, төмен пайызбен несие рәсімдеу, арзан бағамен тауар сату немесе жұмысқа орналастыру туралы хабарландырулар арқылы тұрғындарды алдау фактілері де жиі кездеседі.

Осындай қылмыстардың алдын алу мақсатында Сауран аудандық полиция бөлімі тұрғындар арасында кең көлемде түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Ауылдық округтерде кездесулер ұйымдастырылып, халыққа интернет алаяқтарының әрекет ету тәсілдері мен сақтану жолдары түсіндірілуде. Сонымен қатар әлеуметтік желілерде профилактикалық бейнероликтер мен ескерту сипатындағы ақпараттар тұрақты түрде жарияланып келеді.

Полиция қызметкерлері азаматтарға белгісіз нөмірлерден келген қоңырауларға сенбеуге, банк картасының нөмірін, CVV-кодын, SMS арқылы келген бір реттік құпия кодтарды ешкімге бермеуге кеңес береді. Сонымен қатар күмәнді сілтемелерге өтпеу, белгісіз қосымшаларды жүктемеу және кез келген қаржылық операцияны жасамас бұрын ақпараттың дұрыстығын бірнеше мәрте тексеру қажет.

Интернет-алаяқтықпен күрес тек құқық қорғау органдарының ғана міндеті емес. Әр азамат өзінің жеке мәліметтерінің қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарап, цифрлық сауаттылығын арттыруы тиіс. Күмәнді хабарлама немесе қоңырау түскен жағдайда дереу байланысты тоқтатып, ресми ұйымдардың байланыс орталықтарына немесе полицияға жүгінген жөн.

Сауран аудандық полиция бөлімі интернет кеңістігіндегі қылмыстардың жолын кесу бағытында жедел-іздестіру және профилактикалық жұмыстарды тұрақты түрде жалғастыруда. Азаматтардың қырағылығы мен құқық қорғау органдарының жүйелі жұмысы ғана интернет-алаяқтықтың алдын алып, тұрғындардың қаржылық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Отправить комментарий