Отбасылық-тұрмыстық қылмыстардың алдын алу: қорғау нұсқамалары мен профилактикалық жұмыстардың нәтижесі

Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу – Сауран аудандық полиция бөлімінің негізгі басым бағыттарының бірі. Бұл бағытта құқық бұзушылықтың алдын алу, отбасындағы жанжалдарды дер кезінде анықтау және жәбірленушілердің құқықтарын қорғау мақсатында жүйелі профилактикалық жұмыстар жүргізілуде.

2026 жылдың алғашқы алты айында аудан аумағында отбасылық-тұрмыстық сипаттағы қылмыстардың саны өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 6 деректен 9 дерекке дейін өсіп, 33,3 пайыздық өсім тіркелді. Талдау көрсеткендей, мұндай қылмыстардың басым бөлігі отбасындағы өзара түсініспеушілік, тұрмыстық жанжал, қызғаныш, сондай-ақ спирттік ішімдікті шамадан тыс тұтыну салдарынан орын алған.

Құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында учаскелік полиция инспекторлары тәуекелі жоғары отбасылармен тұрақты түрде профилактикалық жұмыстар жүргізуде. Есепті кезеңде тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу аясында 62 қорғау нұсқамасы шығарылып, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда бұл көрсеткіш артты. Сонымен қатар сот шешімімен құқық бұзушыларға қатысты 21 ерекше талап белгіленіп, олардың мінез-құлқына бақылау күшейтілді.

Қорғау нұсқамасы – жәбірленушінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған маңызды құқықтық құралдардың бірі. Ол құқық бұзушыға жәбірленушімен байланысуға, мазалауға немесе оған қысым көрсетуге тыйым салады. Ал ерекше талаптар белгіленген жағдайда құқық бұзушының жүріп-тұруына, белгілі бір орындарға баруына немесе алкогольдік ішімдік тұтынуына шектеулер қойылуы мүмкін. Бұл шаралар қайталама құқық бұзушылықтардың алдын алуға мүмкіндік береді.

Полиция қызметкерлері профилактикалық жұмыстар барысында тек құқықтық шаралармен ғана шектелмей, тұрғындарға түсіндіру жұмыстарын да тұрақты жүргізіп келеді. Елді мекендерде тұрғындармен кездесулер ұйымдастырылып, отбасындағы дау-дамайды бейбіт жолмен шешу, балалардың құқықтарын қорғау және тұрмыстық зорлық-зомбылықтың салдары жөнінде ақпараттық жұмыстар жүргізілуде. Қажет болған жағдайда әлеуметтік қорғау, денсаулық сақтау және білім беру саласының мамандарымен бірлескен жұмыстар ұйымдастырылады.

Сауран аудандық полиция бөлімі тұрмыстық зорлық-зомбылыққа мүлдем төзбеушілік қағидатын ұстанады. Әрбір өтініш пен хабарлама заң талаптарына сәйкес қаралып, құқық бұзушылықтың алдын алуға бағытталған қажетті шаралар қабылданады. Жәбірленушілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету және олардың құқықтарын қорғау – полиция қызметінің басты міндеттерінің бірі.

Қоғамдағы тұрақтылық пен қауіпсіздік әрбір отбасының тыныштығынан басталады. Сондықтан тұрғындарды кез келген тұрмыстық зорлық-зомбылық фактісін жасырмай, уақытылы полицияға хабарлауға және құқық қорғау органдарымен бірлесіп құқық бұзушылықтардың алдын алуға шақырамыз.

Отправить комментарий