Кентау тұрғындары экологиялық мәдениетті арттыруға бағытталған ерекше сенбілікке қатысты
Кентау қаласында қоршаған ортаны қорғау, тазалық мәдениетін қалыптастыру және тұрғындардың экологиялық жауапкершілігін арттыру мақсатында жалпықалалық сенбілік ұйымдастырылды. Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» және «Заң мен тәртіп» республикалық экологиялық бағдарламалары аясында өткен бұл шара биыл ерекше форматта – плоггинг түрінде өткізілді.
Экологиялық акцияның басты ерекшелігі – қатысушылардың тазалық жұмыстарын спорттық белсенділікпен ұштастыруы болды. Яғни тұрғындар жаяу жүріп немесе жүгіріп, жол бойындағы, қоғамдық орындардағы және белгіленген аумақтардағы қоқыстарды жинап, қаланың тазалығы мен көркіне өз үлестерін қосты. Мұндай форматтағы шаралар қоршаған ортаны қорғауға деген қызығушылықты арттырып қана қоймай, тұрғындарды салауатты өмір салтына да ынталандырады.
Плоггинг – әлемнің көптеген елдерінде кең тараған экологиялық қозғалыс. Оның негізгі мақсаты – дене белсенділігін арттырумен қатар, табиғатты таза ұстау, қоршаған ортаға жанашырлық таныту және қоғамда экологиялық мәдениетті қалыптастыру. Кентау қаласында ұйымдастырылған бұл бастама да тұрғындарды ортақ мақсатқа біріктіріп, туған қаланың тазалығына жауапкершілікпен қарауға үндеді.
Тазалық акциясына Кентау қаласы әкімінің орынбасары Болысбек Шәріпбеков және қала прокурорының орынбасары Турымов Файзулла қатысып, тұрғындармен бірге сенбілік жұмыстарына атсалысты. Іс-шара барысында олар қала тұрғындарын қоршаған ортаны таза ұстауға, қоғамдық орындардың тазалығына бейжай қарамауға және туған қаланың көркеюіне белсенді үлес қосуға шақырды.
«Қаланың тазалығы – тек арнайы қызметтердің ғана емес, әрбір тұрғынның ортақ міндеті. Туған жерге деген сүйіспеншілік пен азаматтық жауапкершілік осындай игі істерден көрінеді. Әрбір тұрғын тазалыққа өз үлесін қосса, қаламыз одан әрі көркейіп, жайлы әрі таза орта қалыптасады», – деген ой айтылды.
Жалпықалалық сенбілікке мемлекеттік мекеме қызметкерлері, прокуратура, полиция органдарының өкілдері, медицина саласының мамандары, жастар, еріктілер және қала тұрғындары белсенді қатысты. Жалпы шараға 1500-ге жуық азамат қатысып, қала аумағындағы көшелерді, қоғамдық орындарды және белгіленген аумақтарды қоқыстан тазартты.
Тазалық жұмыстары барысында арнайы техника жұмылдырылып, жиналған қоқыстар белгіленген орындарға шығарылды. Нәтижесінде 12 арнайы техника жұмыс істеп, шамамен 19 тоннаға жуық тұрмыстық қалдықтар шығарылды. Бұл көрсеткіш тұрғындардың экологиялық бастамаларға белсенді қатысып, қаланың тазалығына жанашырлықпен қарайтынын көрсетеді.
Шара барысында ерекше белсенділік танытқан жастарға да назар аударылды. Қоқыс жинау барысында жоғары нәтиже көрсетіп, тазалық жұмыстарына белсенді араласқан қатысушыларға арнайы сыйлықтар табысталып, алғыс білдірілді. Бұл жастардың қоғамдық бастамаларға қызығушылығын арттырып, экологиялық мәдениетті қалыптастыруға оң әсерін тигізді.
Кентау қаласында «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясындағы тазалық, абаттандыру және көгалдандыру жұмыстары алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасатын болады. Экологиялық мәдениетті дамыту, қаланың тазалығын сақтау және тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыру бағытындағы жұмыстар тұрақты түрде жүзеге асырылып, оған қала тұрғындарының белсенді қатысуы маңызды болып қала береді.
Тазалық – ортақ құндылық. Әрбір азаматтың табиғатқа деген жанашырлығы мен жауапкершілігі қоршаған ортаның сақталуына, қаланың көркеюіне және келешек ұрпаққа таза мекен қалдыруға үлкен үлес қосады.




Отправить комментарий