Кентауда құқық бұзушылықтың алдын алу мәселелері ведомствоаралық комиссия отырысында талқыланды
Кентау қаласы әкімдігінде қала әкімдігі жанындағы құқық бұзушылық профилактикасы жөніндегі ведомствоаралық комиссияның кезекті отырысы өтті. Жиынға комиссия мүшелері, құқық қорғау органдарының өкілдері, мемлекеттік мекемелердің басшылары мен жауапты сала мамандары қатысып, қаладағы қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, құқық бұзушылықтың алдын алу және тұрғындардың құқықтық мәдениетін арттыруға қатысты өзекті мәселелерді жан-жақты талқылады.
Отырыстың күн тәртібіне құқық бұзушылық профилактикасының негізгі бағыттарын қамтитын үш мәселе енгізілді. Әрбір бағыт бойынша жауапты мекеме басшылары атқарылған жұмыстар туралы есеп беріп, алдағы кезеңге арналған жоспарлары мен ұсыныстарын ортаға салды.
Күн тәртібіндегі алғашқы мәселе бойынша «Отбасын қолдау орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің директоры Арай Сауранбекова баяндама жасап, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, тұрмыстық жанжалдардың туындауына жол бермеу және отбасы институтын нығайту бағытында жүзеге асырылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Ол орталық тарапынан қиын өмірлік жағдайға тап болған азаматтарға көрсетілетін әлеуметтік-психологиялық және құқықтық қолдау, отбасылық құндылықтарды дәріптеу, әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау, сондай-ақ тұрғындар арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу бағытындағы іс-шаралар туралы кеңінен мәлімет берді.
Сонымен қатар, баяндамашы тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алуда мемлекеттік органдар, білім беру ұйымдары, денсаулық сақтау мекемелері және құқық қорғау органдары арасындағы өзара іс-қимылдың маңыздылығын атап өтіп, профилактикалық жұмыстарды жүйелі түрде жалғастыру қажеттігін жеткізді.
Келесі мәселе бойынша қалалық полиция бөлімі бастығының орынбасары, полиция полковнигі Руслан Ендибаев қоғамдық орындар мен көшелердегі қоғамдық тәртіпті сақтау және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады. Ол қоғамдық орындарда құқық бұзушылықтардың алдын алу, меншікке қарсы жасалатын қылмыстарды азайту, ұрлықтың алдын алу, түнгі рейдтік іс-шараларды ұйымдастыру, бейнебақылау жүйелерінің тиімділігін арттыру және құқық қорғау қызметінің профилактикалық бағыттарын күшейту бойынша қабылданып жатқан шараларға тоқталды.
Баяндама барысында тұрғындардың құқықтық сауаттылығын арттыру, құқық бұзушылыққа мүлдем төзбеушілік қағидатын қалыптастыру және полиция мен қоғам арасындағы өзара сенімді нығайту бағытындағы жұмыстардың маңыздылығы ерекше атап өтілді. Сондай-ақ қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде мемлекеттік органдар мен тұрғындардың бірлескен іс-қимылы оң нәтиже беретіндігі айтылды.
Жиын барысында қала прокуратурасының аға прокуроры Бақберген Абилкасимов сөз сөйлеп, құқық бұзушылықтың алдын алу жұмыстарын одан әрі жетілдіруге қатысты бірқатар ұсыныстарын жеткізді. Атап айтқанда, тұрғындар арасында құқықтық түсіндіру жұмыстарын күшейту, жастармен профилактикалық кездесулерді жиі өткізу, әлеуметтік желілер мен бұқаралық ақпарат құралдарының мүмкіндіктерін тиімді пайдалану және мемлекеттік органдардың өзара үйлесімді жұмысын нығайту қажеттігіне тоқталды.
Отырысты қорытындылаған комиссия төрағасының орынбасары, Кентау қалалық мәслихатының төрағасы Қаблан Елеусізов күн тәртібіндегі мәселелердің маңыздылығына назар аударып, құқық бұзушылықтың алдын алу тек құқық қорғау органдарының ғана емес, барлық мемлекеттік мекемелер мен қоғамның ортақ міндеті екенін атап өтті. Ол баяндама жасаған жауапты тұлғалардың ұсыныстарын назарға алып, құқық бұзушылық профилактикасын күшейту, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, отбасылық құндылықтарды нығайту және тұрғындар арасында құқықтық мәдениетті қалыптастыру бағытындағы жұмыстарды жандандыру жөнінде нақты тапсырмалар берді.
Жиын қорытындысы бойынша жауапты мекемелерге құқық бұзушылықтың алдын алу шараларын күшейту, халықпен ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүйелі жүргізу, мемлекеттік органдар арасындағы өзара іс-қимылды жетілдіру және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған кешенді іс-шараларды тұрақты түрде жүзеге асыру тапсырылды. Қабылданған шешімдердің орындалуы алдағы уақытта ведомствоаралық комиссияның тұрақты бақылауында болады.




Отправить комментарий