Кентауда «Таза Қазақстан» аясындағы плоггинг акциясы ерекше форматта өтті

Кентау қаласында Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық бағдарламасы аясында кезекті плоггинг акциясы жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Ерекше форматта өткен іс-шараның негізгі мақсаты – қоршаған ортаны қорғау мәдениетін қалыптастыру, тұрғындарды тазалыққа баулу, жастардың экологиялық жауапкершілігін арттыру және табиғатты аялау құндылықтарын кеңінен насихаттау болды.

Экологиялық акцияға қала жастары, еріктілер, тұрғындар мен бүлдіршіндер белсене қатысып, көпқабатты тұрғын үйлердің аулалары мен қоғамдық орындарды қоқыстан тазартты. Қатысушылар қоршаған ортаның тазалығы әрбір азаматтың күнделікті өмір салтына айналуы тиіс екенін іс жүзінде көрсетті. Акция барысында жиналған тұрмыстық қалдықтар арнайы орындарға шығарылып, аулалар мен серуендеу аймақтары ретке келтірілді.

Плоггинг – дене белсенділігі мен қоршаған ортаны қорғауды ұштастыратын заманауи экологиялық қозғалыс. Бұл бастама арқылы қатысушылар серуендеп немесе жүгіріп жүріп, жол бойындағы қоқыстарды жинайды. Мұндай шаралар бір жағынан салауатты өмір салтын насихаттаса, екінші жағынан қоғамда экологиялық мәдениетті қалыптастыруға және табиғатқа жанашырлықпен қарауға үндейді.

Іс-шараның басты ерекшелігі – елімізге танымал Bayguys жайдарман тобының мүшелері, кино актерлары Жалғас Елеусінов, Мағжан Нұрғали және Бағжан Данайдың арнайы қатысуы болды. Танымал өнер иелері балалармен және жастармен еркін пікірлесіп, көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Олар экологиялық мәдениетті қалыптастырудың маңыздылығына тоқталып, тазалықты сақтау тек арнайы мекемелердің емес, әрбір азаматтың ортақ міндеті екенін атап өтті.

Кездесу барысында актерлар жастарды туған жерге жанашырлықпен қарауға, қоғамдық орындардың тазалығын сақтауға және табиғатты қорғауға шақырды. Сонымен қатар, олар күнделікті өмірде қарапайым экологиялық әдеттерді қалыптастырудың маңызын айтып, әрбір адамның қоршаған ортаның тазалығына өз үлесін қоса алатынын жеткізді. Балалар мен жастар танымал тұлғалармен естелік суретке түсіп, еркін әңгімелесу мүмкіндігіне ие болды. Бұл кездесудің тәрбиелік мәні жоғары болып, қатысушыларға ерекше әсер қалдырды.

Осындай мазмұнды іс-шаралар өскелең ұрпақтың бойында табиғатқа деген жанашырлықты, туған өлкеге деген сүйіспеншілікті және қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарау мәдениетін қалыптастыруға ықпал етеді. Сонымен қатар, мұндай акциялар қоғамның барлық мүшесін ортақ мақсатқа жұмылдырып, тазалық пен тәртіпті сақтаудың маңызын кеңінен насихаттайды.

Бүгінде «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында Кентау қаласында санитарлық тазалықты қамтамасыз ету, қоғамдық орындарды абаттандыру, ағаш отырғызу, көгалдандыру және экологиялық мәдениетті дамыту бағытында кешенді жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде. Бұл жұмыстар қаланың көркеюіне, тұрғындар үшін қолайлы әрі таза өмір сүру ортасын қалыптастыруға және экологиялық ахуалды жақсартуға бағытталған.

Кентау қаласында алдағы уақытта да «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық бағдарламасы аясындағы тазалық, абаттандыру және көгалдандыру жұмыстары тұрақты түрде жалғасып, тұрғындардың экологиялық мәдениетін арттыруға арналған түрлі акциялар мен қоғамдық бастамалар ұйымдастырыла береді. Табиғатты қорғау – баршаға ортақ міндет. Сондықтан әрбір тұрғын туған қаласының тазалығы мен көркеюіне өз үлесін қосса, Кентау одан әрі көркейіп, жасыл әрі жайлы қалаға айналары сөзсіз.

Отправить комментарий