Кентауда жоғары жылдамдықты интернет желілеріне арналған оптикалық кабель өндіретін жаңа зауыт іске қосылды

Түркістан облысы Кентау қаласындағы «Turan» арнайы экономикалық аймағында отандық өндірісті дамытуға бағытталған маңызды жобалардың бірі – «Kentau Cable Industries» ЖШС-нің жаңа зауыты пайдалануға берілді. Заманауи кәсіпорын жоғары жылдамдықты интернет желілеріне арналған оптикалық кабельдер өндіруге маманданған. Жаңа өндіріс орнының іске қосылуы Кентау қаласының өнеркәсіптік әлеуетін арттырып, өңір экономикасының дамуына жаңа серпін береді.

Салтанатты ашылу рәсіміне Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров, қала басшылығы, кәсіпорын өкілдері, инвесторлар, сала мамандары және еңбек ұжымы қатысты. Жиында өңір басшысы жаңа өндіріс орнының маңыздылығына тоқталып, мұндай жобалар Мемлекет басшысының өндірісті дамыту, жаңа технологияларды енгізу, отандық өнім көлемін арттыру және халықты тұрақты жұмыспен қамту жөніндегі тапсырмаларының нақты орындалуы екенін атап өтті.

Облыс әкімі өз сөзінде Кентау қаласының тарихи тұрғыдан өндірістік бағыттағы шаһар екенін айтып, бүгінде қалада өнеркәсіп саласын қайта жаңғырту жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатқанын жеткізді. Жаңа кәсіпорындардың ашылуы қаланың экономикалық дамуына оң әсер етіп қана қоймай, тұрғындарға жаңа жұмыс орындарын ұсынуға мүмкіндік беретінін атап өтті.

«Kentau Cable Industries» ЖШС жобасына 1,7 млрд теңге инвестиция тартылған. Кәсіпорынның өндірістік қуаттылығы жылына 33 мың шақырым оптикалық кабель және 12 мың шақырым микротүтік пакеттерін шығаруға мүмкіндік береді. Зауытта 100-ге жуық адам тұрақты жұмыспен қамтылады.

Кәсіпорынның негізгі бағыты – заманауи байланыс инфрақұрылымын дамытуға қажетті жоғары технологиялық өнімдер өндіру. Қазіргі таңда интернет желілерінің сапасы мен жылдамдығына қойылатын талаптар артып келеді. Осыған байланысты отандық өндірісте шығарылатын оптикалық кабельдер елдегі цифрландыру үдерісін дамытуға, байланыс желілерінің тұрақтылығын арттыруға және телекоммуникациялық саланың әлеуетін кеңейтуге маңызды үлес қосады.

Зауытта өнім шығарудың толық өндірістік циклі жолға қойылған. Өндіріс процесі автоматтандырылған заманауи желілер арқылы жүзеге асырылады. Кәсіпорынның технологиялық жабдықтары әлемдік жетекші компаниялардың шешімдері негізінде жасақталған. Атап айтқанда, өндірістік желілер Siemens, Bosch, ADVANTECH, Panasonic секілді халықаралық брендтердің жоғары сапалы компоненттерімен жабдықталған.

Заманауи технологияларды пайдалану кәсіпорынға өнім сапасын тұрақты бақылауға, өндіріс көлемін арттыруға және халықаралық стандарттарға сәйкес келетін өнім шығаруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар кәсіпорында мамандардың кәсіби біліктілігін арттыруға, өндірістік мәдениетті қалыптастыруға және еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ерекше көңіл бөлінуде.

«Kentau Cable Industries» компаниясының басты мақсаты – ішкі нарықты сапалы отандық өніммен қамтамасыз ету және экспорттық бағытты дамыту. Алдағы кезеңде кәсіпорын өндіріс көлемін ұлғайтып, өнім түрлерін кеңейтуді және жаңа жұмыс орындарын ашуды жоспарлап отыр.

Жаңа зауыттың іске қосылуы Кентау қаласының индустриялық дамуына үлкен мүмкіндік береді. Өндірістің дамуы арқылы қала экономикасы нығайып, жергілікті тұрғындардың жұмыспен қамтылу деңгейі артады. Сонымен қатар бұл жоба Қазақстандағы телекоммуникациялық инфрақұрылымды дамытуға және отандық өндірістің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған маңызды қадамдардың бірі болып табылады.

Кентау қаласында осындай ірі инвестициялық жобалардың жүзеге асырылуы шаһардың өндірістік әлеуетін қайта қалыптастырып, жаңа экономикалық мүмкіндіктерге жол ашуда. «Kentau Cable Industries» зауыты – осы бағыттағы маңызды жобалардың бірі ретінде өңірдің индустриялық дамуына өз үлесін қоса бермек.

Отправить комментарий