«Күй құдіреті»: қасиетті қара домбыра ұлықталған рухани кеш

Ұлттық домбыра күніне орай Түркістан қаласындағы «Керуен-сарай» туристік кешенінде республикалық «Күй құдіреті» күйшілер байқауының финалдық кезеңі жоғары деңгейде өтті. Қазақтың қасиетті қара домбырасын ұлықтап, ұлттық күй өнерінің құндылығын дәріптеген тағылымды шараға еліміздің әр өңірінен келген белгілі күйшілер, өнер майталмандары, мәдениет саласының өкілдері және өнерсүйер қауым қатысты.

Ұлттық өнердің ұлағатын ұлықтаған мәдени іс-шараның басты мақсаты – қазақ халқының ғасырлар бойы қалыптасқан күйшілік дәстүрін дәріптеу, ұлттық музыкалық мұраны кейінгі ұрпаққа жеткізу және жас күйшілердің шығармашылық әлеуетін қолдау. Қазақ үшін домбыра – жай ғана музыкалық аспап емес, халықтың тарихын, мұңын, қуанышын, арман-тілегін жеткізген қасиетті рухани мұра. Сондықтан Ұлттық домбыра күні аясында ұйымдастырылған республикалық байқаудың маңызы ерекше.

Салтанатты кешке Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев қатысып, жиналған жұртшылықты Ұлттық домбыра күнімен құттықтады. Өз сөзінде ол қазақ мәдениеті мен өнерінде домбыраның алар орны айрықша екенін атап өтіп, ұлттық құндылықтарды дәріптеу, дәстүрлі өнерді дамыту және оны жас ұрпаққа аманат ету бағытындағы жұмыстардың маңыздылығына тоқталды.

Түркістан төріндегі айтулы шара барысында қазақтың дәстүрлі күй өнерінің сан қырлы болмысы көрініс тапты. Сахнада Шәмші Қалдаяқов атындағы облыстық филармонияның «Сүгір» атындағы ұлт аспаптар оркестрі өнер көрсетіп, көрерменге қазақ күйінің терең тынысын сезіндірді. Оркестр орындаған күйлер ұлттық музыканың қуатын танытып, кештің мазмұнын аша түсті.

Сонымен қатар Қазақстанның халық әртісі Айгүл Үлкенбаева, күйші-композитор Ғаламат Бейсеқожа және күйші Шыңғыс Исаев сахна төрінде өнер көрсетіп, көпшілікке күй өнерінің үздік үлгілерін ұсынды. Ш. Қалдаяқов атындағы облыстық филармонияның шығармашылық ұжымы да арнайы концерттік бағдарламамен кештің көркін қыздырды.

Қазақтың дәстүрлі күй өнері – ұлт тарихының үнін жеткізетін ерекше өнер саласы. Күй арқылы халқымыздың өткені, ел басынан өткерген қилы кезеңдер, туған жерге деген сүйіспеншілік пен еркіндікке деген ұмтылыс, адам жанының толғанысы мен табиғаттың тылсым болмысы жеткізілген. Осы тұрғыдан алғанда «Күй құдіреті» байқауы дәстүрлі өнерді насихаттап қана қоймай, оның өміршеңдігін дәлелдейтін маңызды мәдени жобаға айналды.

Кештің басты әрі шарықтау шегі – республикалық «Күй құдіреті» күйшілер байқауының финалдық кезеңі болды. Байқауға еліміздің әр өңірінен іріктеліп келген талантты күйшілер қатысып, өз өнерлерін ортаға салды. Жас орындаушылар дәстүрлі күйшілік мектептердің ерекшеліктерін сақтай отырып, шеберліктерін танытып, көрерменге әсерлі орындаулар ұсынды.

Финалдық кезеңде қатысушылардың орындаушылық шеберлігі, күйді жеткізу мәнері, сахна мәдениеті, музыкалық сауаттылығы мен дәстүрлі орындаушылық ерекшеліктері сараланды. Байқау барысында әр өңірден келген күйшілер өз мектептерінің өзіндік ерекшелігін көрсетіп, қазақ күй өнерінің байтақ кеңістігін тағы бір мәрте танытты.

Байқау қорытындысы бойынша Бас жүлдеге Алматы қаласының өкілі Іңкәр Күзембай лайық деп танылды. І орынға Алматы қаласынан Нұрәли Саятұлы ие болды.

ІІ орын екі қатысушыға берілді. Атап айтқанда, Астана қаласынан Бекнұр Әбдіжәлил және Атырау облысынан Жантілек Жұмагелдиев жүлделі орыннан көрінді.

ІІІ орынға Атырау облысының өкілі Асылбек Джорабеков, Шымкент қаласынан Оңғар Дәулет, Алматы қаласынан Тұрсын Арсен және Түркістан облысының күйшісі Дінмұхаммед Сұлтан ие болды.

Сонымен қатар байқау аясында қазақ күй өнерінің көрнекті өкілдері Төлеген Момбеков пен Сүгір Әліұлы атындағы арнайы жүлделердің иегерлері анықталды. Байқауға қатысқан өнерпаздардың барлығына дипломдар мен естелік сыйлықтар табысталып, олардың ұлттық өнерді дамытуға қосып жүрген үлесіне құрмет көрсетілді.

Республикалық деңгейдегі өнер додасының Түркістан қаласында өтуі де кездейсоқ емес. Түркістан – қазақ халқының рухани өмірінде айрықша орны бар қасиетті мекен. Тарихы терең, мәдениеті бай шаһар бүгінде ұлттық өнер мен дәстүрді дәріптейтін маңызды мәдени орталықтардың біріне айналып отыр. Осындай ауқымды шаралардың Түркістан төрінде ұйымдастырылуы қаланың мәдени-рухани әлеуетін арттырып, ұлттық өнерді кең көлемде насихаттауға мүмкіндік береді.

«Күй құдіреті» байқауы барысында дәстүрлі өнердің сабақтастығы анық байқалды. Сахнаға шыққан әрбір орындаушы домбыраның қос ішегі арқылы халықтың ғасырлардан жеткен үнін жаңғыртып, ұлттық музыканың құдіретін көрерменге жеткізді. Әсіресе жас күйшілердің өнер көрсетуі қазақ күйінің болашағы бар екенін, дәстүрлі өнердің кейінгі буын арасында да өз жалғасын тауып келе жатқанын аңғартты.

Ұлттық домбыра күні – қазақ халқының мәдени болмысын айшықтайтын айтулы күндердің бірі. Бұл күн ұлттық аспапты дәріптеп қана қоймай, атадан балаға мирас болып келе жатқан дәстүрлі өнерді бағалауға, ұлттық музыканың тарихын тануға және жас ұрпақты рухани құндылықтарға тәрбиелеуге жол ашады.

Түркістанда өткен «Күй құдіреті» республикалық күйшілер байқауы осы мақсаттардың үдесінен шыққан мазмұнды мәдени шара болды. Өнерпаздар арасындағы шығармашылық бәсеке ұлттық күй өнерінің деңгейін танытып, дәстүрлі өнерді қолдаудың маңызын көрсетті.

Қасиетті қара домбыраның үні Түркістан төрінде тағы бір мәрте асқақтап, ұлт рухын ұлықтаған өнер кеші көрерменге ерекше әсер сыйлады. Республикалық байқау қазақтың төл өнерінің мерейін үстем етіп қана қоймай, дәстүрлі күйшілік мектептердің сабақтастығын нығайтуға, талантты орындаушыларды қолдауға және ұлттық мұраны насихаттауға зор үлес қосты.

Осындай тағылымды шаралар арқылы қазақтың күй өнері жаңа буынға жол тартып, қасиетті домбыраның үні ұрпақтан-ұрпаққа жалғаса береді. Ал Түркістан төрінде өткен «Күй құдіреті» байқауы – ұлттық өнерге деген құрметтің, рухани сабақтастықтың және қазақ мәдениетінің мәңгілік құндылықтарының жарқын көрінісі болды.

Отправить комментарий