Сауран; Әкімшілік құқық бұзушылықтардың алдын алу: қоғамдық тәртіп пен абаттандыру талаптарын сақтау
Қоғамдық тәртіпті сақтау, тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және елді мекендердің тазалығын қалыптастыру – полиция қызметінің маңызды бағыттарының бірі. Осы мақсатта Сауран ауданында әкімшілік құқық бұзушылықтардың алдын алу және заң талаптарын түсіндіру бойынша тұрақты жұмыстар жүргізілуде.
Әкімшілік құқық бұзушылықтар көбіне азаматтардың белгіленген тәртіп талаптарын сақтамауынан туындайды. Сондықтан полиция қызметкерлері тек құқық бұзушылықтарды анықтап қана қоймай, олардың алдын алуға, тұрғындардың құқықтық мәдениетін арттыруға және заң талаптарын түсіндіруге ерекше көңіл бөлуде.
Учаскелік полиция инспекторлары мен қоғамдық қауіпсіздік бөлімінің қызметкерлері елді мекендерді аралап, тұрғындармен кездесулер өткізеді. Кездесулер барысында абаттандыру ережелерін сақтау, қоғамдық орындардағы тәртіпті бұзбау, санитарлық талаптарды орындау және әкімшілік жауапкершілік шаралары туралы түсіндіру жұмыстары жүргізіледі.
Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде түрлі бағыттағы әкімшілік құқық бұзушылықтар анықталып, заң талаптарына сәйкес шаралар қабылданды. Атап айтқанда, жалпы 2992 әкімшілік құқық бұзушылық тіркеліп, құқық бұзушыларға қатысты тиісті әкімшілік ықпал ету шаралары қолданылды.
Қоғамдық тазалық пен қоршаған ортаны қорғау бағытында да бақылау жұмыстары күшейтілді. Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 434-2-1-бабы бойынша коммуналдық қалдықтарды белгіленбеген орындарға тастаған 262 азаматқа қатысты әкімшілік хаттамалар толтырылды. Бұл шаралар қоршаған ортаның тазалығын сақтау және тұрғындардың қолайлы өмір сүру жағдайын қамтамасыз ету мақсатында қабылданды.
Сонымен қатар елді мекендерді абаттандыру талаптарын бұзу фактілері бойынша да тиісті жұмыстар атқарылуда. ӘҚБтК-нің 505-бабы бойынша абаттандыру қағидаларын сақтамаған 126 тұлға жауапкершілікке тартылды. Бұл бағыттағы бақылау жұмыстары ауылдық округтердің санитарлық жағдайын жақсартуға және ортақ пайдаланылатын аумақтарды таза ұстауға бағытталған.
Қоғамдық орындарда тәртіп сақтау мәселесі де полиция қызметкерлерінің назарында. ӘҚБтК-нің 440-бабы бойынша қоғамдық орындарда алкогольдік ішімдік ішкен немесе мас күйінде жүрген 104 азамат анықталып, оларға қатысты заң аясында шаралар қабылданды.
Сондай-ақ кәсіпкерлік нысандардың заң талаптарын сақтауына бақылау жүргізілуде. Сауда орындарындағы тәртіп пен белгіленген талаптардың орындалуын қамтамасыз ету мақсатында ӘҚБтК-нің 200-бабы бойынша 21 дүкен иесіне қатысты әкімшілік шара қолданылды.
Әкімшілік құқық бұзушылықтардың алдын алу – тек жазалау шараларымен шектелмейді. Оның негізгі мақсаты – азаматтарға заң талаптарын түсіндіру, құқықтық сауаттылықты арттыру және қоғамда тәртіп мәдениетін қалыптастыру.
Сауран аудандық полиция бөлімі тұрғындарды қоғамдық тәртіпті сақтауға, қоршаған ортаны қорғауға, абаттандыру талаптарын орындауға және заң талаптарына жауапкершілікпен қарауға шақырады. Тәртіпті қоғам қалыптастыру – полиция мен тұрғындардың бірлескен еңбегінің нәтижесі.




Отправить комментарий