Заң мен тәртіп – қоғам тұрақтылығының негізі
Қылмыстың ашылуы ғана емес, оның жан-жақты әрі заң талаптарына сәйкес тергелуі – әділ сот төрелігін қамтамасыз етудің негізгі шарты. Осы бағытта Сауран аудандық полиция бөлімінің Тергеу және анықтау бөлімшелері қылмыстық істерді сапалы тергеуге, азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға ерекше көңіл бөліп келеді.
Биыл Тергеу және анықтау бөлімдерінің өндірісінде барлығы 228 қылмыстық іс қаралды. Әрбір іс бойынша қажетті дәлелдемелер жиналып, куәлардан жауап алынып, сараптамалар тағайындалып, барлық процессуалдық әрекеттер Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексінің талаптарына сәйкес жүргізілді.
Тергеу жұмыстарының нәтижесінде 74 қылмыстық іс сотқа жолданды. Бұл көрсеткіш саннан бұрын сапаға басымдық берілгенін көрсетеді. Әрбір іс толық зерттеліп, дәлелдемелердің жеткіліктілігі қамтамасыз етілгеннен кейін ғана процессуалдық шешім қабылданды.
Сотқа жіберілген істердің 26-сы жеңілдетілген тәртіппен қарауға жолданды. Бұл институт кінәсін мойындаған және қылмыстың барлық мән-жайы толық дәлелденген жағдайларда істі қысқа мерзімде қарауға мүмкіндік береді. Нәтижесінде тергеу мерзімі оңтайландырылып, азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделері сақталады.
Тергеу сапасын айқындайтын маңызды көрсеткіштердің бірі – қосымша тергеуге қайтарылған қылмыстық істердің болмауы. Сонымен қатар негізсіз қылмыстық жауапкершілікке тартылған азаматтар тіркелген жоқ. Бұл тергеушілер мен анықтаушылардың әрбір істі мұқият зерделеп, заң талаптарын қатаң сақтай отырып жұмыс жүргізгенін аңғартады.
Құқық бұзушылықтардың себептері мен олардың орын алуына ықпал еткен жағдайларды жою мақсатында Қылмыстық-процестік кодекстің 200-бабына сәйкес 122 ұсыным жолданды. Олардың 120-сы қаралып, нәтижесінде 1 тұлға тәртіптік, 7 тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Мұндай ұсынымдар құқық бұзушылықтардың алдын алуда маңызды құрал болып табылады.
Тергеу жұмыстарының тиімділігін арттыруда цифрлық технологиялардың да рөлі зор. Қазіргі таңда барлық қылмыстық іс толықтай электронды форматта жүргізіліп келеді. Бұл құжат айналымын жеңілдетіп қана қоймай, тергеудің ашықтығын қамтамасыз етіп, процессуалдық мерзімдердің сақталуына оң әсерін тигізуде.
Алдағы уақытта да Сауран аудандық полиция бөлімінің Тергеу және анықтау бөлімшелері заң үстемдігін қамтамасыз ету, қылмыстық істерді сапалы тергеу және азаматтардың құқықтарын қорғау бағытындағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастыра береді.




Отправить комментарий