Ауыр және аса ауыр қылмыстардың тіркелуі: себептері, ашылу деңгейі және құқық қорғау шаралары
2026 жылдың алғашқы алты айының қорытындысы бойынша Сауран ауданында ауыр және аса ауыр қылмыстардың тіркелуі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда артқаны байқалды. Бұл көрсеткіш бір жағынан қылмыстық ахуалдың өзгерісін білдірсе, екінші жағынан бұрын жасырын қалып келген немесе бірнеше эпизодтан тұратын құқық бұзушылықтардың толық көлемде тіркеліп, заң талаптарына сәйкес есепке алынуының нәтижесі болып табылады.
Есепті кезеңде ауыр санаттағы қылмыстардың саны өткен жылдың сәйкес мерзіміндегі 31 деректен 38 дерекке дейін өсіп, 22,6 пайыздық өсім тіркелді. Ал аса ауыр қылмыстардың саны өткен жылы тіркелмесе, биыл 10 дерек есепке алынды. Әрбір қылмыстық құқық бұзушылық Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне тіркеліп, жан-жақты тергеу амалдары жүргізілді.
Аса ауыр қылмыстардың көбеюіне негізгі себептердің бірі – бір күдіктіге қатысты бірнеше эпизод бойынша жасалған қылмыстық әрекеттердің жеке-жеке тіркелуі болды. Заң талаптарына сәйкес әрбір қылмыстық оқиға дербес құқық бұзушылық ретінде есепке алынып, оған жеке процессуалдық шешім қабылданады. Сондықтан мұндай жағдайлар статистикалық көрсеткіштің өсуіне әсер етеді.
Сонымен қатар есепті кезеңде адам өлтіру, бұзақылық және ауыр алаяқтық қылмыстары бойынша да жекелеген өсім байқалды. Адам өлтіру фактілері отбасылық-тұрмыстық жанжалдар мен туыстар арасындағы келіспеушіліктер салдарынан орын алған. Ал бұзақылық деректерінің бірі бұқаралық спорттық іс-шара кезінде қоғамдық тәртіптің бұзылуына байланысты тіркелді. Мұндай оқиғалардың әрқайсысы бойынша кінәлі тұлғалар анықталып, заң талаптарына сәйкес жауапкершілікке тартылуда.
Қылмыстық ахуалдың күрделенуіне қарамастан, Сауран аудандық полиция бөлімінің жедел және тергеу қызметкерлері ауыр және аса ауыр қылмыстарды ашу бағытында нәтижелі жұмыс атқарды. Есепті кезеңде осы санаттағы қылмыстардың ашылу деңгейі 100 пайызды құрады. Бұл көрсеткіш өткен жылдың осы кезеңіндегі 97,8 пайыздық нәтижеден жоғары. Мұндай нәтиже жедел-іздестіру іс-шараларының тиімді ұйымдастырылуының, дәлелдемелерді уақытылы жинаудың және құқық қорғау органдары қызметкерлерінің үйлесімді жұмысының нәтижесі болып табылады.
Қазіргі таңда полиция қызметкерлері ауыр және аса ауыр қылмыстардың алдын алу мақсатында профилактикалық жұмыстарды күшейтіп, тәуекелі жоғары отбасылармен, бұрын сотталған азаматтармен және құқық бұзушылық жасауға бейім тұлғалармен тұрақты түрде жұмыс жүргізуде. Сонымен қатар тұрғындар арасында құқықтық түсіндіру шаралары ұйымдастырылып, қоғамдық тәртіпті сақтау, тұрмыстық жанжалдардың алдын алу және заң талаптарын сақтау мәселелеріне ерекше көңіл бөлінуде.
Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету – құқық қорғау органдары мен тұрғындардың ортақ міндеті. Сондықтан әрбір азамат құқық бұзушылықтың алдын алуға өз үлесін қосып, күмәнді жағдайлар туралы полицияға дер кезінде хабарлаған жағдайда ғана қоғамдағы қауіпсіздік деңгейін арттыруға мүмкіндік туады.




Отправить комментарий