«ФАРАБ» КІТАПХАНАСЫНЫҢ ҚАЙТА ҚҰРЫЛҒАНЫНА 5 ЖЫЛ: «БЕС ЖЫЛ – БЕС БЕЛЕС» МЕРЕЙТОЙЛЫҚ ЖИЫН ӨТТІ
Түркістан облысы Мәдениет басқармасына қарасты «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасының қайта құрылғанына 5 жыл толуына орай «Бес жыл – бес белес» атты мерейтойлық салтанатты жиын өтті. Руханият пен білімнің ордасына айналған кітапхана үшін бес жыл – атқарылған ауқымды жұмыстарды саралап, жетістіктерді бағамдап, алдағы міндеттерді айқындайтын маңызды белес.
Мерейтойлық басқосу кітапхананың өңірдің мәдени-рухани өміріндегі орны мен атқарып отырған қызметін кеңінен таныстыруға, сала мамандарының еңбегін бағалауға және кітапхана ұжымының бес жыл ішінде жүзеге асырған жобаларын қорытындылауға арналды.
«Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасы – Түркістан облысының кітапхана жүйесіндегі маңызды мәдени-ағартушылық орталықтардың бірі. Соңғы жылдары кітапхана дәстүрлі кітапханалық қызметпен қатар, заманауи мәдени жобаларды, әдеби кездесулерді, ғылыми-танымдық іс-шараларды, шығармашылық бағдарламаларды және халықаралық ынтымақтастық бағыттарын жүйелі түрде дамытып келеді.
Салтанатты жиынға Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Кенжебекұлы Алтаев қатысып, кітапхана ұжымын мерейтойлық белесімен құттықтады. Өз сөзінде ол кітапхананың өңірдің рухани-мәдени өміріндегі маңызды орнына тоқталып, кітап оқу мәдениетін қалыптастыру мен халықтың рухани қажеттілігін қамтамасыз етудегі кітапханашылардың еңбегін атап өтті.
Кітапхана – кез келген қоғамның интеллектуалдық әлеуетін арттыратын маңызды мәдени институт. Мұнда кітап қоры сақталып қана қоймай, оқырман мен әдебиет, ғылым мен мәдениет, тарих пен қазіргі заман арасында рухани байланыс қалыптасады. Осы тұрғыдан алғанда, «Фараб» кітапханасының соңғы бес жылдағы қызметі өңірдің мәдени кеңістігіндегі маңызды өзгерістермен сабақтасып жатыр.
Мерейтойлық жиын барысында кітапхана саласының дамуына елеулі үлес қосқан бірқатар қызметкерлер марапатталды. Бұл – кітапхана ісінің артында тұрған мамандардың еңбегін бағалаудың жарқын көрінісі. Оқырманға кітап ұсыну, қорды жүйелеу, әдеби және мәдени жобаларды ұйымдастыру, ақпараттық қызмет көрсету, жаңа технологияларды енгізу сияқты жұмыстардың барлығы кәсіби біліктілікті, ізденісті және үлкен жауапкершілікті талап етеді.
Салтанатты шара барысында «Оқитын өлке», «Жыл кітапханашы» және «Алтын формуляр» номинацияларының жеңімпаздары да марапатталды. Аталған номинациялар кітап оқу мәдениетін насихаттауға, үздік кітапханашыларды анықтауға және белсенді оқырмандарды ынталандыруға бағытталған жұмыстардың нәтижесін айқындады.
«Оқитын өлке» бастамасы арқылы кітап оқу мәдениетін қалыптастыруға, тұрғындардың әдебиетке деген қызығушылығын арттыруға және оқырман белсенділігін күшейтуге басымдық берілсе, «Жыл кітапханашы» номинациясы кәсіби шеберлігімен, шығармашылық ізденісімен және кітапхана ісіне қосқан үлесімен ерекшеленген мамандарды дәріптеуге мүмкіндік береді. Ал «Алтын формуляр» номинациясы кітапханаға тұрақты келіп, кітап оқуды өмір салтына айналдырған белсенді оқырмандарды ынталандырудың маңызды тетігіне айналып отыр.
Мерейтойлық жиында Қазақстан Жазушылар одағы Түркістан облыстық филиалының төрағасы, белгілі ақын Айдар Сейдәзім Бастарбекұлы да сөз сөйлеп, кітапхана ұжымының еңбегіне жоғары баға берді. Ақын кітапхана мен қаламгерлер арасындағы шығармашылық байланыстың маңыздылығына тоқталып, руханият ордасының әдеби ортаны қалыптастырудағы рөлін атап өтті.
Айдар Сейдәзім Бастарбекұлы сала қызметкерлеріне арнайы марапаттар табыстап, кітапхана ұжымына шығармашылық табыс, кәсіби жетістік және оқырманмен арадағы байланысты одан әрі нығайта беруді тіледі.
Мерейтойлық жиынның халықаралық сипатта өтуі де оның мазмұнын байыта түсті. Салтанатты шараға Халықаралық әдебиет, өнер, мәдениет және әлеуметтік ғылымдар академиясының президенті Абдулла Менгкобилов, Өзбекстан Республикасы Жызақ облыстық Ш. Рашидов атындағы ақпараттық-кітапхана орталығының директоры Хафиза Кудратова және басқа да халықаралық серіктестер қатысты.
Шетелдік әріптестер өз сөздерінде кітапханалардың мәдени-гуманитарлық байланыстарды нығайтудағы маңызына тоқталды. Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы тарихи әрі рухани байланыстарды дамытуда кітапхана саласының өзіндік орны бар екені айтылды. Әдебиет пен кітап – халықтарды жақындастыратын, мәдениеттер арасындағы өзара түсіністікті нығайтатын маңызды құрал.
«Фараб» кітапханасының халықаралық серіктестермен байланыс орнатуы да соңғы жылдардағы маңызды бағыттардың бірі. Мұндай ынтымақтастық тәжірибе алмасуға, ортақ мәдени жобаларды жүзеге асыруға, кітап қорларын таныстыруға және екі елдің оқырмандары мен мәдениет мамандары арасындағы байланысты арттыруға мүмкіндік береді.
Салтанатты жиында «Қазақстандық салалық мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлерінің кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің Түркістан облыстық филиалының төрағасы Темірхан Асылхан Темірханұлы да құттықтау сөз сөйлеп, кітапхана ұжымына ізгі тілегін жеткізді.
Ол кітапхана директоры Жанат Сәдібекқызына Құттықтау хат табыстады. Сонымен қатар кітапхана қызметкерлері кәсіподақтың Алғыс хаттарымен марапатталды. Бұл марапаттар кітапхана қызметкерлерінің күнделікті еңбегіне көрсетілген құрметтің белгісі болды.
Бес жыл – уақыт өлшемімен алғанда ұзақ кезең болып көрінбеуі мүмкін. Алайда кітапхана ісі үшін бұл уақыт ішінде жаңа бағыттарды қалыптастырып, тұрақты жобаларды іске қосып, оқырманмен байланысты жаңа деңгейге көтеру үлкен еңбекті талап етеді. Осы тұрғыдан алғанда, «Фараб» кітапханасының бес жылдық белесі – нақты нәтижелермен өлшенетін маңызды кезең.
Соңғы бес жыл ішінде кітапхана өңірдегі заманауи мәдени-ағартушылық орталықтардың біріне айналды. Оның қызметі кітап сақтаумен және оқырманға кітап берумен ғана шектелмей, түрлі мәдени, әдеби, ғылыми және танымдық жобаларды ұйымдастырумен толықты.
Кітапхана қабырғасында қаламгерлермен кездесулер, әдеби кештер, шығармашылық жүздесулер, кітап тұсаукесерлері, көрмелер, пікірталастар, интеллектуалдық ойындар, жас оқырмандарға арналған танымдық бағдарламалар және түрлі мәдени іс-шаралар ұйымдастырылып келеді.




Отправить комментарий